Көкшетаудың "Арлан" хоккей командасын атыраулық "Бейбарыспен" болған матчтан кейін қонақүйге дейін арнайы жасақпен шығарып салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
HALYQSTAN Telegram арнасы соңғы сиренадан кейін мұз залында бір уақытта бірнеше жерде төбелес болғанын хабарлады. Бір қызығы, жаппай төбелес ойынның эфиріне түсіп қалған.
Төбелеске клуб тәлімгерлері, қызметкерлер мен ойыншылар қатысқан.
Айта кетейік, бұл Қазақстан чемпионатындағы тұрақты маусымның соңғы матчы 0:4 "Арланның" пайдасына шешілді. Атырау клубы кестеде 9-орынды иеленіп, плей-оффқа қатыса алмады.
Оқиға туралы полиция департаменті түсініктеме берді.
14 ақпанда сағат 21:00 шамасында мұз сарайының ғимаратында 21 жастағы екі хоккейші арасында өзара түсініспеушіліктен туындаған оқиға болды. Екі спортшы да полиция бөліміне жеткізілді, оларға қатысты Бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды. Жиналған материалдар сотқа жіберілді. Зардап шеккендер жоқ, - деп хабарлады департамент.