Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы атыраулық кəсіпкерлерді қаржыландыруға 1,9 млрд. теңге бөлініп, оның барлығы игерілген. Бұл "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
"Даму" кəсіпкерлікті қолдау қоры" АҚ Атырау облыстық филиалы басшыларының айтуынша, бұл қаражаттың басым бөлігі жергілікті кəсіпкерлерге көлік жəне жүк тасымалдау кəсібіне несие алу үшін берілген екен.
Облыста "Даму" қоры арқылы көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды.Соның ішінде "Нұрлы Жер", "Еңбек", "Қарапайым заттар экономикасын" айтып кетуге болады. Жуықта жаңа "Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасы жүзеге асқалы отыр. Бұл бағдарлама аясында азаматтар субсидия жəне кепілдеме ала адады. Кəсіпкер екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін 50 пайызға дейін субсидиялай алады, сондай-ақ 85 пайызға дейін кепілі жетпеген жағдайда кепілдеме бере алады. Бұл аталмыш бағдарламасының бір ерекшелігі - өз ісін жаңадан бастағандарға, яғни "Стартап" жобалар бойынша кəсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден 60 млн теңгеге дейін несие алуына болады. Бұл сома да субсидияланады жəне кепілдендіріледі, - дейді "Даму" кəсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Есенжан Мусағалиев."Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасы аясында республика бойынша 421 млрд теңге қарастырылған екен. Оның қаншасының Атырау облысына тиесілі екендігі əзірге белгісіз.