Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда бірнеше айдан бері «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Бұл өңірде облыстық сот төрағасының бастамасымен құрылған.
«Қазір даулар көбейді. Арнайы татуластыру орталықтары да ашылып жатыр. Медиаторлар, психологтар, заңгерлер жұмыс жасайды. Біздің де қызметіміз солармен қарым-қатынаста жұмыс жасап, оң нәтижеге қол жеткізу», - дейді «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Атырау облысының Құрметті азаматы Ғаббас Хисметуллин.
Бірлестіктің басты мақсаты – азаматтар арасында туындаған дауды бейбіт түрде шешу және азаматтардың арасындағы тұрақтылықты сақтау болып табылады. Қазіргі таңда «Билер кеңесі» құрамында Атырау облысының құрметті 13 азаматы бар.
«Біз өз жұмысымызда бірінші кезекте ҚР Конституциясы мен медиация туралы заңды басшылыққа аламыз. Кез-келген өтініш міндетті түрде қаралып, тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігі түсіндіріледі, қажетті ақыл-кеңес беріледі. Тараптар татуласқан жағдайда медиативтік келісім жасалады. Алда маңызды жоспарларымыз бар. Тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ары қарай жалғасытрамыз және аудандарға шығуды да жоспарлап отырмыз», - дейді «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сәуле Байменова.