Атырауда бекіре аулаған браконьерлер ұсталды

17 Мамыр 2022, 03:17
1677
Бөлісу:
Атырауда бекіре аулаған браконьерлер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау полицейлері «Бекіре – 2022» балық қорғау акциясы кезінде браконьерлерден 500 келіден астам бекіре тәркіледі.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, тәртіп сақшылары 1 сәуірден бері 1 тонна балық тәркілеп үлгерген. Оның ішінде 500 келіден астам бекіре бар.​

1 сәуірде Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре – 2022» кең ауқымды балық қорғау іс-шарасы басталды. Аталған іс-шара құқық, табиғат қорғау органдарымен бірге жойылып кету қаупі бар бағалы бекіре тұқымдас балық түрлері мен балық өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, алдын алу және жолын кесу үшін өткізіліп жатыр. Іс-шараға байланысты «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы», «Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Орал» және «Атырау-Индер» бағытындағы республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда, Каспий теңізінің, Жайық, Қиғаш өзендерінің жағалауында 39 жылжымалы мобильдік топ қызмет етуде. Заңсыз балық аулаудың жолын кесу үшін Жайық өзені жағалауына 19 бейнебақылау камерасымен бақылау жүргізіліп отыр. Браконьерлерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 2 іс ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабымен (Балық ресурстарын заңсыз аулаумен), ал, 16 іс 339-бабымен (Жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен заңсыз айналысу) тергеліп жатыр, – деп түсіндірді Нұрхат Оразбаев.

Оның айтуынша, тәртіп сақшылары 28 сәуірде 36 жастағы әйелдің тұрғылықты мекен-жайына тінту жүргізіп, 15,8 келі бекіре тұқымдас, 5 келі қара балық тәркілеген.

Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.

Өзгелердің жаңалығы