Атырау облысы Исатай ауданында балықтардың қырылу дерегі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 18 қыркүйекте Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері рейдтік іс-шара барысында Атырау облысы Исатай ауданының «Севрюжья коса» жерінде балық қырылу дерегін анықтады.
Бұған дейін хабарланғандай, қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, осы дерек туралы жұмыс тобының барлық мүшесі (жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы ғылыми ұйымдары, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасы) жедел түрде хабардар етілді.
Биылғы жылдың 19 қыркүйегінде жедел түрде инспекция қызметкерлері ақпаратты тексеру үшін шықты. Аталған жерге келгеннен кейін кефаль балықтарының өлімі расталды. Атырау облысы бойынша Экология департаментінің мамандары тиісті акт жасай отырып, топырақ сынамаларын алды. Сонымен қатар, балықтардың денелері қатты ыдырауына байланысты зертханалық зерттеулер үшін сынама алу мүмкін болмады. Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларды сақтай отырып, өлген балықтарды жинау жұмыстарын жүргізді. Жиналған балықтың жалпы салмағы 1 тонна 380 кг болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, балықтардың қырылуы Каспий теңізіндегі желқуалау құбылыстарының салдарынан болған, яғни судың жағалаудан теңіздің терең қашықтығына дейін ығысуы, - дейді комитет өкілдері.
Каспий теңізінде желқуалау құбылыстары желдің бағытымен байқалатынын атап өтеміз, яғни су бірнеше ондаған шақырымға, 5-тен 25 км-ге дейін шегінеді және су массаларының күрт ығысуы кезінде балықтардың өлу дерегі орын алады. Осыған ұқсас дерек 2022 жылдың қыркүйегінде Каспий теңізінде тіркелді.