Атырау облысында адам саудасына және оған ілеспе қылмыстарға қатысты 21 қылмыстық дерек анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, бұл деректер ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тіркелген. Құқық қорғау органдары адам саудасының алдын алу, мұндай қылмыстарды дер кезінде әшкерелеу және олардың қоғамға төндіретін қауіп-қатерін азайту мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық шаралар жүргізіп келеді.
Аталған жұмыстар аясында өткен "Стоп трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде жезөкшелікпен айналысу, жеңгетайлық қызмет көрсету, сондай-ақ сексуалдық сипаттағы заңсыз әрекеттерге қатысы бар тұлғалар анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Олармен құқықтық талаптар мен заң бұзушылықтың салдары түсіндіріліп, әлеуметтік қауіптерге қатысты алдын алу әңгімелері жүргізілген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында ұйымдасқан топ немесе қылмыстық ұйым құру, оларға басшылық ету, қылмыстық топ құрамында болу, сондай-ақ жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру фактілері бойынша 21 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.