Атырауда 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

16 Мамыр 2019, 12:03
2076
Бөлісу:
Атырауда 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Атырау облысы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 25 мыңға жуық адамды қамту жоспарлануда. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтты. 

Осы уақытқа дейін жұмыспен қамту орталығына 9 мыңға жуық адам хабарласып, оның бес мыңнан астамы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, аймақта 3 мыңға жуық отбасыға жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарын өтеу мақсатында 647 отбасына 17 млн теңгеден астам тұрғын үй көмегі көрсетілген. Бұдан өзге үйде тәрбиеленетін және оқитын 355 мүгедек балаға 8 миллион теңгеден астам материалдық көмек берілген.

«Қазіргі күні облыс бойынша 21 744 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың техникалық көмекші және арнаулы жүріп тұру құралдарымен қамтудамыз. 2 миллион теңгеге 728 дана протездік ортопедиялық бұйымдар, 140 миллион теңгеге 777 дана тифлотехникалық құралдар, ал сурдотехникаға 50 миллионға жуық теңге, арнаулы жүріп-тұру құралдарына 11 миллионнан астам қаржы жұмсалды. Сурдо тифло құралдармен және арнаулы жүріп тұру құралдармен қамтамасыз ету басталып кетті", - дейді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша биыл жоғары оқу орындарын бітіретін түлектерді жұмыспен қамту үшін өңірдегі кәсіпкерлермен келісімдер жасалып жатыр. 2019 жылдың 1 мамырына дейін облысқа 43 отбасы 55 адам этникалық қазақтар көшіп келді. Олардың ішінен Өзбекстан Республикасынан  37 отбасы, Ресей Федерациясынан 1 отбасы, Қытай Халық Республикасынан 4 отбасы, Түркменстан Республикасынан 1 отбасы көшіп келіп, оралман мәртебесін алып отыр. Олар облыстағы қала, аудандарға орналасты.

Өзгелердің жаңалығы