Атырау қаласында тағы бір бала бұралқы иттен зардап шекті. Оқыс жағдай 26 қыркүйек күні кешкі 19:30 шамасында "Балауса" ықшам ауданында болған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
13 жасар мектеп оқушысын үй маңында ойнап жүрген уақытында неміс овчаркасы қуған. Бірден қаша жөнелген жасөспірімді бұралқы ит аяғы мен қолынан тістеп үлгеріпті. Абырой болғанда жақын маңдағы ауыл тұрғындары баланы төртаяқтыдан дер кезінде құтқарыпты.
Велосипедпен келе жатқан баламды ит қуғанда көлікпен кетіп бара жатқан адамдар тоқтап, оны қуып жіберген. Көлік кетіп қалғаннан кейін, айналып келіп қайтадан тістеген. Бірден ауруханаға бардық. Аяғы мен қолын таңып беріп, арнайы вакцина салды. Ауыр жарақат жоқ. Қасында көмектесетін адам болмағанда қандай жағдайда болатынын елестеткім келмейді, - дейді жасөспірімнің анасы Айнұр.
Жедел жәрдем қызметімен облыстық ауруханаға жеткізілген баланы ондағы дәрігерлер толық тексерістен өткізген. Ақ халаттылар еш қауіп жоқ екенін айтады.
Бүгін, кешкі сағат 20:00 шамасында 103 ке Балауса ықшам ауданында 13 жасар ер баланы ит қауып алғаны жайлы хабар түсті. Дәрігерлер баланы облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне әкеліп, тексеріс өткізді. Аса ауыр жарақат жоқ, - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айша Кенжемұратова.
Айта кетейік, бұл соңғы бір айда "Балауса" ықшам ауданында үй жануарына таланған екінші тұрғын. Бұған дейін сол аумақтағы көше кезген иттерден ересек азамат зардап шеккен еді. Кейін жергілікті жұрт бұралқы итті "ату қажет" деген талап қойып, наразылыққа шықты. Олар заңға өзгеріс енгізу қажет деген ойда. Ал жауаптылар болса қазір ит аулау жұмысымен арнайы кестеге сай бірнеше бригада айналысып жатқанын айтады. Мамандар жыл басынан бері 2600 бұралқы итті аулаған.
Ветеринарлар итпен арпалысып әлек болса да, төбеттерге таланғандар саны азаяр емес. Мәселен өткен жылы төрт аяқтылардан 251, биыл 474 бала аман қалған.