Атырауда 120 млн долларлық технологиялық парк жобасы таныстырылды

Жиынға Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың өкілдері де қатысты.

 30 Қазан 2026, 22:46
30 Қазан 2026, 22:46
264

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлиньмен кездесіп, өңірге инвестиция тарту және экономикалық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Жиынға Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың өкілдері де қатысты.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, «ҰИНТ» және «Атырау» арнайы экономикалық аймақтары, индустриялық алаңдар мен шамамен 120 млн доллар инвестиция тарту жоспарланған «Еуразия» технологиялық инновациялар паркі жобасы туралы айтты.

Қытай елшісі ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын атап өтті: өнеркәсіп пен инвестиция, экологиялық технологиялар, білім беру және гуманитарлық байланыстар. Атап айтқанда, мұнай-газды терең өңдеу, мұнай-химия, машина жасау, логистика, су үнемдеу технологиялары және ақаба суды тазарту жобалары қарастырылды.

Болат Ақшолақов ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, мұнай-химия саласына инвестиция тарту бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ цифрлық шешімдер, IT-хаб және Smart City жобаларын дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу соңында облыс әкімі қытайлық компанияларды келесі жылдың басында өтетін инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Ол өңірдің инвестициялық атласы әзірленіп жатқанын да хабарлады. Тараптар перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Наверх