Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасы мен уақытына наразы тұрғындар «EgovKzBot2.0» бот-платформасына өтініш қалдыра алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкерлері тұрғындар проблемасының жедел шешілуіне ықпал етіп, көмек көрсетеді. Телеграмм-бот қосылғалы бір ғана Атырау облысындағы тұрғындардан 10 өтініш түскен.
Онлайн форматта 10 өтініш келіп түссе, жауаптылар барлығы бойынша бірден іске кірісіп, қызмет алушылардың жұмысын жеңілдеткен. Мәселен 2007 жылдан бері жер учаскесін алу үшін кезекте тұрған Атырау облысының тұрғыны мемлекеттен тегін берілетін жер алмаған, алайда, ақпараттық жүйелерде бұрын жер алған деген мәліметін байқап, үстіміздегі жылдың сәуір айында жергілікті атқарушы органдарға жүгінеді.
Өз кезегінде, жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шеңберінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» қызмет алушы азаматтың жеке деректеріне түзету енгізу қажеттігі туралы хат жолдап, азаматқа алдағы уақытта тиісті түзетулер енгізілетіндігі жөнінде жауап ұсынады. Осындай жауап алған азамат 2 ай бойына ақпараттық жүйелерден өзгеріс енгізілмегендігін байқайды. Байқайды да, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен ашылған Telegramm мессенджеріндегі «EgovKzBot2.0» бот-платформасына осы мәселені шешіп беру жөнінде 4 маусым күні өтінім қалдырады. Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментінің жауапты қызметкерлері мәселені жіті бақылауға алып, мәселенің анық-қанығын зерделейді.
«EgovKzBot2.0» Telegram бот-платформасына өтінім қалдырған азаматтың деректерін зерделей келе, оның зайыбы кезінде 2 жер учаскесін сатып алу нәтижесінде ақпараттық жүйе өтінім қалдырған азаматты меншіктің бірлескен иесі ретінде танып, оған жер берілген деп есептеп, жер учаскесі алу үшін кезекте болуына кедергі болады. Осы ретте, Департаменттің жедел әрекет ету нәтижесінде ақпараттық жүйені жасаушыларға дәлелді құжаттар жолданып, азаматқа бұрын жер берілмегендігі жөнінде тиісті түзету ақпараттық жүйеде нақты түрде енгізіліп, азаматтың мемлекеттен тегін жер алу құқығы қалпына келтірілді, - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің Басқарма басшысы Арман Абсиметов.
Қызмет алушылардың мемлекеттік қызметтерді алу кезінде туындаған проблемалық мәселелері бойынша уәкілетті органмен байланысын жеңіл орнату үшін EgovKzBot2.0» Telegram бот-платформасында үстіміздегі жылы мамыр айында ашылған жаңа тетік арқылы жүгінуі жеткілікті.
Аталған сервис азаматтардың мемлекеттік көрсетілетін қызметке қатысты шағым беруге немесе бюрократияны төмендету, бизнес-процестерді оңайлату жөнінде ұсыныстарын жедел жасауына мүмкіндік береді. Осыған сәйкес, Департаментпен аталған бот-платформа арқылы келіп түскен шағымдары қаралып, қызмет алушыларға тиісті жауаптар ұсынылып, құқықтары бұзылған жағдайда жедел қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.Мәселен, кезекті қызмет алушы Халыққа қызмет көрсету орталығына түсірген өтініші бойынша толыққанды түсіндірме берілмегендігін көрсетіп, бот-платформаға шағымданды. Бұл тұста, Департаменттің ықпал ету нәтижесімен Атырау қаласындағы No2 ХҚКО бөлім басшысы қызмет алушымен телефон арқылы хабарласып, шағымға арқау болған мәселе бойынша тиісті ақпарат толыққанды түрде берілді, - Арман Абсиметов.
Осыған ұқсас, Департамент қызмет алушылардың «EgovKzBot2.0» Telegram бот-платформасы арқылы жүгінген мәселелеріне тиісті құқықтық- түсіндірме ақпараттарын тұрақты түрде ұсынуда.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері чатқа келіп түскен арыздың ешбірі жауапсыз қалмайтынын айтады. Бірден қаралып, жұмыстың орындалуына кедергі келтірген жауапты мекемеге хат жолданады. Осылайша мемлекеттік қызмет алу процесі әлдеқайда оңайырақ болмақ.
Бұл чатты қолданудың еш қиындығы жоқ. Ұялы телефонға телеграм қосыншасын жүктеп, «EgovKzBot2.0» бот-платформасын тауып алса болғаны. Кейін өтінішті толық көлемде жазып, жіберуге болады.
Функцияны енгізуді ұсынған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері.
Атап өту қажет, жыл басынан бері дәстүрлі түрде департаментке мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қатысты 60 өтініш келіп түсті. Өз кезегінде, жауаптылармен тиісті тексеру және шағымды зерделеу жұмыстары нәтижесінде 7 шағым иесінің уәждері өз дәлелін тауып, қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Соңғы шағымға назар аударсақ, жердің жалдау мерзімін ұзартуға өтінім түсірген Атырау қаласының тұрғыны қызмет нәтижесін қағидаға сәйкес 10 жұмыс күнде ала алмаған. Департамент өкілдерінің әрекет етуімен жер учаскесінің жалдау мерзімі ұзартылып, кінәлі тұлғаға қатысты тәртіптік шара қабылданды.