Досмұхамбетов: Атырау тарихының тамыры тереңде

4 Қазан 2020, 22:35
2101
Бөлісу:
Досмұхамбетов: Атырау тарихының тамыры тереңде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Атырау қаласының іргесі қаланғанына 380 жыл болды. Осыған орай Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қала тұрғындарын қала күнімен құттықтады.

Биыл туған қаламыздың іргесі қаланғанына 380 жыл болды. Баршаңызды шаһарымыздың мерейлі мерекесімен, қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Атырау қаласының тағылымды тарихының тамыры тереңде. Қазір шаһарымыз заманға сай өркендеу мен кемелдену үстінде. Облыс орталығы тарихының жаңа беттері жазылуда. Оған сіздердің әрқайсыңыз өз үлестеріңізді қосып жатырсыздар - деді ол.

Сонымен қатар облыс басшысы қала күні шеңберінде бірқатар игі шаралар жасалғанын атап өтті.

Облыстық жедел жәрдем стансасы су жаңа 22 көлікпен толықты. Балықшы саябағына қоғам белсенділерінің бастамасымен 1000 жеміс ағашын отырғыздық. Өйткені, Атырауды алдағы жылдары жасыл қалаға айналдырып, экологиялық ахуалын жақсарту — басты мақсатымыз. Атырау дәуелетіне сәулеті сай қала болуы тиіс. Шаһарға көрік беру үшін құрылыс жұмыстарының қарқыны артты. Мереке аясында 300-ден астам атыраулық қоныс тойын тойлады. Олардың көбі ширек ғасыр бойы апатты үйлер мен жатақханаларда тұрып келген азаматтар - деп жазды Махамбет Досмұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуына қарағанда, ең бастысы — асыға күткен абаттандырылған Жайық жағалауы мен «Жастар» саябағын ашылуы.

Аталған орындардың — баршамыздың көрікті мекенімізге айналарына сенемін. Ондай әсем әлеуметтік нысандардың санын арттырып, сапалы қызмет етуіне ықпал ету үнемі назарымызда болады. Қаламыздың барша тұрғындарын туған қаламызды көркейтіп, жасыл желекке орап, Жайығымызды таза ұстап, халық игілігіне арналған нысандарға қамқор көзбен қарауға шақырамын. Мереке құтты болсын! Ел игілігі үшін жасалып жатқан істеріміз берекелі болсын! Әрқайсыңызға жақсылық пен табыс тілеймін! - деді облыс әкімі өз құттықтауында.

Өзгелердің жаңалығы