Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен Атырау қаласын су тасқынынан қорғаудың шұғыл жоспары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысында жұмыс сапарымен жүр.Ол облыс әкімімен бірге Құлсары қаласынан Ақтөбе облысымен шекараға дейінгі аумақты тікұшақпен айналып өтті. Кейін ТЖ жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
Қанат Бозымбаев Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жағдайдың күрделі екенін айтып өтті. Алайда дүрбелең мен уайымдауға себеп жоқ. Өңірде су тасқынымен күресуге арналған барлық ресурс бар.
Жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдарға орта есеппен 3-4 күн қажет. Нақты іс-қимыл жоспарын құру, қажетті ақша сомасын бөлу, қажетті техниканы, сондай-ақ адами ресурстарды тарту қажет, — деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер өңір басшылығына су тасқынына қарсы күрес бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, Атырау облысында ТЖ режимін енгізу туралы тапсырма берілді.
Мен ҚТЖ басшылығын шақырдым, өйткені кейбір жерлерде үлкен су көлемін өткізу үшін теміржолдарға демонтаж жасау қажет. Бүгінгі таңда Ириклин су қоймасынан су ағызу секундына 2,5 мың текше метрді құрайды, алдағы уақытта ол 4,5 мыңға жетуі мүмкін. Сондықтан бізде су тасқынына дайындыққа 20 күн бар. ТЖ режимін халықты дүрбелеңге шақыру үшін емес, су тасқынына қарсы нақты іс-қимыл үшін жариялаймыз, — деді Қанат Бозымбаев.
Өңірде суды Атырауға қарай жіберіп алмай, Каспий теңізіне қарай апаратын өзендер мен көлдерге жіберу үшін бұру арналарын қазу қажет.
Біз үшін ең басты міндет – Атырау жағалауын барлық жағынан нығайту, — деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.