Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін

16 Маусым 2023, 15:59
4878
Бөлісу:
Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау қаласының халқы қазіргі уақытта 400 мыңнан асып кетті. Көпшілік қаланы екі ауданға бөлу қажеттігі туындап отыр дейді. Әкімдік мұндай мүмкіндікті қарастырып отыр ма? - деп сұрады журналистер өңір басшысынан.

Шәпкеновтің айтуынша, қала екі ауданға бөлінуі мүмкін.

Бізде Үкімет қаулысымен бекітілген Атырау қаласының даму жоспары бар. Жоспарға сәйкес, халық саны өскен кезде әкімшілік-аумақтық құрылым айқындалуы мүмкін. Осыны қарастырып жатырмыз. Бізде Жайық өзені қаланы екі бөлікке бөліп жатыр. Осыған байланысты қаланы екі бөлікке бөлуге қатысты ойымыз бар, - деп жауап берді Серік Шәпкенов брифингте.

Өңір басшысының айтуына қарағанда, қаланы екіге бөлу мәселесінде халықтың пікірі де ескерілуі керек.

Қаланың бір бөлігінен орталығына дейін айтарлықтай шақырымды алып жатыр. Сол себепті бірінші кезекте тұрғындардың пікірін ескеру керекпіз. Оны бөліп алып тұрғындарға қолайсыздық жасамауымыз керек. Сондықтан шекараға қатысты нақты шешіміз болғанда бұл мәселені міндетті түрде халықтың алдына талқылауға шығарамыз, - деді Серік Шәпкенов.

Өзгелердің жаңалығы