Атырау өңірінде меценат азаматтарымыз көп - Президент

8 Қараша 2022, 11:32
1098
Бөлісу:
Атырау өңірінде меценат азаматтарымыз көп - Президент

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атырау өңірінде ел өміріне белсене араласып жүрген меценат азаматтарымыз баршылық. Осы орайда, жергілікті кәсіпкерлерге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Атыраулықтар елордамыздың 20 жылдығына тамаша тарту жасағанын бүкіл ел біледі. Есілдің үстіне салынған бекіре балығы тәрізді көпір – Астананың көркін аша түскен бірегей нысанның бірі.

Сол сияқты Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығы – Атырау жұртының сыйы. Мұны мемлекет те, халқымыз да жоғары бағалайды. Әрине, басқа аймақтар да ортақ іске өз үлесін қосып келеді. Осындай жанашырлық пен ынтымақтың арқасында елдігіміз нығаяды.

Алайда, біз келешекте аймақтардан осындай сыйлықтарды талап етпейміз, әрбір облыс мейлі жаңа болса да, өз күшімен, Үкіметтің көмегімен, инвесторлардың қолдауымен өз жұмыстарын өздері атқаруы керек, - деді Президент.
 

Президент қоғамда өзара жауапкершілік идеологиясын, меценаттық қызметті дәріптеу туралы айтты.

«Жалпы, әр өңірдегі іскер азаматтар, ең алдымен, өзінің туған жерін көркейтуге атсалысуы керек. Біз қоғамда өзара жауапкершілік идеологиясын, меценаттық қызметті дәріптей беруіміз қажет. Мұның бәрі өркениетті қоғам құру үшін өте маңызды.

Әркім «Атырауға әкелер ме ем бір тауды» деп жырлаған Табылды Досымов сияқты туған жерін сүйе алса, туған елінің дамуына үлес қосса, Отанымыз өркендей түсері сөзсіз. Батыс аймақтарға келгенде Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты қаһарман қыздарымыз туралы айтпау мүмкін емес. Халқымыз қашанда батырларын бағалай білген. Осы аймақтағы әуежайларымыз қазақтың 3 батыр қызының есімімен аталуы – соның айқын көрінісі.

«Ер есімі – ел есінде» деген сөз бар. Біз ұрпақтың санасы сергек болсын десек, ел үшін ерлік жасаған ұл-қыздарымыздың есімін есте сақтауымыз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным, - деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы