Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атырау облысындағы сұмдық: Марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырды

Бөлісу:
 Атырау облыстық Полиция департаменті
Фото: Атырау облыстық Полиция департаменті

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасының туыстары қаза тапқан әйелдің атынан жіберілген соңғы аудиохабарламаға қатысты жаңа деректермен бөлісті. Олардың айтуынша, бұл жазба ескі болуы мүмкін және оны кісі өлтіруге күдікті адам қайта таратып отырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған ақпарат КТК телеарнасының журналисі Жанат Молдашованың әлеуметтік желідегі жазбасында жарияланды. Ол марқұм Мақсот Қарабалиннің туған інісі Шалқар Мұқанғалиевпен болған әңгімесінің аудиожазбасын көпшілікке ұсынған.

Хабарламалар өлімнен кейін де келген

Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, ерлі-зайыпты зейнеткерлердің қаза тапқан болуы мүмкін деген күннен кейін де отбасылық чаттарда хабарламалар пайда болып отырған. Солардың бірі 7 қараша күні жіберілген аудиохабарлама болған.

Алайда туыстарының айтуынша, бұл күнге дейін отбасы мүшелері тірі болмаған.

Біздің келініміз Нәсіп Үтешқалиева туыстар чатына жиі аудиохабарлама жолдайтын. Сол жазбалардың бірі 7 қараша күні қайта жіберілген. Күдік тудырмас үшін біреу бұл хабарламаларды әдейі тарата берген деп ойлаймыз. Қазір барлық телефондар Сұлтанда болғаны айтылып жатыр. Сондықтан бұл аудиожазбаларды сол жіберуі мүмкін деп болжап отырмыз, – дейді Шалқар Мұқанғалиев.

Аудиохабарламаның мазмұны әдеттегідей болған

Марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы мазмұны жағынан күнделікті, үйреншікті сөздерден тұрған.

Онда ол: “Қалайсыңдар, бәрі жақсы ма? Бүгін жұма, аман-сау болыңдар, ауырмаңдар”, – деп айтқан. Мұндай хабарламаларды ол үнемі жіберіп отыратын. Дәл осы жазба 7 қараша күні қайта таратылған. Ал бізге белгілі дерек бойынша, сол кезде ерлі-зайыптылар тірі болмаған, – дейді марқұмның інісі.

Соған қарамастан, туыстарының айтуынша, хат-хабар алмасу жалғаса берген. Кейбір жазбалар жоғалып кеткен ұлдары Наурыздың атынан, кейбірі анасының атынан жіберіліп отырған.

Мақсат – күдік тудырмау болған

Туыстарының пікірінше, бұл әрекеттердің басты мақсаты – жақындардың күдігін оятпау және олардың іздеу жұмыстарын бастамауын қамтамасыз ету болған.

Бұған дейін БАҚ-та марқұмдардың жақындарының құқық қорғау органдарына бірден жүгінбегені хабарланған еді. Себебі олар Наурыз Мұқанғалиевтің атынан келген мәтіндік хабарламаларды алып отырған. Ол хабарламаларда анасының ауырып қалғаны, емделуге қаражат қажет екені және осы себепті малын сатып жатқанын жазған.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында іздеуде болған Мақсот Қарабалиннің мәйіті жұбайының мәйітімен бірге 6 қаңтар күні Атырау облысындағы Жангелдин ауылында орналасқан үйлерінің қорасынан табылған. Қазіргі таңда олардың күйеу баласы аталған қылмыс бойынша басты күдікті ретінде қарастырылып отыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол Индонезия аумағында болуы мүмкін.

Мәйіттер табылған күні-ақ күдікті ресми түрде халықаралық іздеуге жарияланған.

Атырау облысындағы сұмдық: Марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырды

Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясын жаздық. Сондай-ақ аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатыр.

Белгілі болғандай, марқұм ерлі-зайыптының екінші қызы Ақбаян Мұқанғалиева мен елді дүр сілкіндірген қанды оқиғаға басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев ресми түрде ажырасқан және заңды некеде болмаған.

Өзгелердің жаңалығы