Атырау облысындағы бизнес саласы әлемнің 50-ден аса елімен тығыз байланыста

30 Қазан 2020, 09:02
3099
Бөлісу:
Атырау облысындағы бизнес саласы  әлемнің 50-ден аса елімен тығыз байланыста
Сұхбат

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда  шағын және орта бизнестің дамуы қарқыны жоғары. Қазір аймақ еліміздегі екі үлкен қала Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кейінгі үшінші орында тұр.  

Шет елдерге тек мұнай экспорттамайды. Аймақта түрлі кәсіпорындар саны артып келеді. Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Абдуахит Әбішов индустриялық-инновациялық жобалары үздіксіз дамып жатқан өңірдің жаңалықтарымен бөлісті. 

  -Атырау облысында бизнестің даму деңгейі қандай? 

Әлемде болып жатқан қиын ахуалға қарамастан шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыс жасайтын субьектілерінің саны 49 997 құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артты. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысымен шығарылған өнім көлемі 1 147,5 млрд теңге. Шағын және орта бизнестің дамуы бойынша облысымыз Алматы және Нұр-сұлтан қалаларынан кейін 3 орында келе жатыр. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 127,2 мың адам. Сонымен қатар, аймақта 2 мемлекеттік және 1 өңірлік бағдарлама жүзеге асырылуда. Республикалық және жергілікті бюджеттен жыл сайын бөлінетін қаражаттар уақытылы игерілуде. Бұл өз кезегінде қолдау механизімдерінің өңірде тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатқандығын көрсетеді. Кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие бағдарламалардың бірі бұл «Бизнестің жол картасы 2025». Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері несие сомасы 133,8 млрд.теңгеге 1861 жоба қаржыландырылды. 6 999 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде биыл аталған бағытта 4,1 млрд.теңге қаржы бөлініп, 271 кәсіпкер қолдау тауып, олармен 395 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасының екінші бағыты қалаларда шағын несиелендіру шеңберінде 1,7 трлн теңгеге 127 жоба несиелендіріліп, 93 жоба кепілдендірілді. Бұған биылдың өзінде 423,1 млн теңге бөлінді.   

Елдегі карантиндік шаралардан кейін шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өңірде коммуналдық меншіктерді жалға алған 66 шағын және орта кәсіпкерлерлік субъектісі жалпы сомасы 11 млн теңгеге үш айға жалға алу төлемінен босатылды. 

  - Инновацияны дамытудан кенжелеп қалған жоқпыз ба? 

Олай деуге ешқандай негіз жоқ. Облысымыз жаңа технологияларды енгізу бойынша көптеген ауқымды жұмыс жасады. Атап айтсақ, облыстағы ірі және орта 39 кәсіпорынның барлығы цифрландырылған. Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобаларға инновациялық технологиялар енгізілген. Барлық өнеркәсіптерде басқару жүйесі бір жерден бақыланып, басқарылады. Сондай-ақ, өндірістік процестерге индустрия 4.0-ге сәйкес келетін роботтар қолдануда. «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы инновациялық инфрақұрылымның бір бөлігі болып табылады. Бүгінгі күні аймақта 10 кәсіпорындар химия және мұнай саласында инновациялық өнім өндіруге бағытталған. Олар полипропилен, полиэтилен, полимерлік өнімдер, каустикалық сода және тағы басқалары. 

Статистикалық мәліметтерге тоқталатын болсақ, Атырау облысы бойынша 2019 жылы инновациялық өнім көлемі 7,5 млрд теңге құрады. Ал кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі 9%-ы құрады. Сонымен қатар, қаладағы «APEC Petrotechnic» колледжі ғимаратында «Atyrau HUB» өңірлік технопаркі құрылған. Бүгінгі таңда ол IT саласында бірнеше жобалармен жұмыс істеп, іс-шараларды белсенді өткізуде. Сондай-ақ, қазір «Atyrau HUB» ҚР Энергетика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және өңірдегі мұнай-газ компаниялары басшыларының қатысуымен үлкен онлайн-конференцияға дайындалып жатыр. Бұл конференция мұнай-газ саласын цифрландыруға арналған. Іс - шара шеңберінде панельдік пікірталастар, бейінді сессиялар және мұнай-газ саласына арналған IT-шешімдер арасында Atyrau Energy Challenge-конкурс өткізіледі. Соныман қатарХ. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2017 жылдан бастап негізгі құрамы профессор-оқытушылар мен университет студенттерінен жинақталған ғылыми-инновациялық жобаларын іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған «I-Space» атты орталық жұмыс атқаруда. Университет IT-стартаптар мәдениетін дамыту жолында «Car Wash» көлік жуу үшін кезек алуға арналған мобильді қосымша, «InstaLink» қызметті немесе тауарды тез сайтқа шығарып, ұсыныс жасауға арналған платформа, «Kaz Message» коммуникациялық байланыс орнатуға арналған мобильді қосымша бойынша жобалармен жұмыс істеп жатыр. 

  -Өзге өңірлермен салыстырғанда өнеркәсіп қандай деңгейде деп айта аласыз? 

Өнеркәсіп көлемі бойынша Атырау облысы өзге өңірлер арасында көшбасшы. Республикадағы өнеркәсіп көлемінің 19 пайызы біздің облыста өндіріледі. Биылғы 9 айында өнеркәсіп көлемі 3,7 трлн. теңге. Тау-кен өнеркәсiбi 3,3 трлн. теңге. 35,6 млн тонна мұнай мен 18,4 млрд. текше метр ілеспе газ өндiрілді. Өңдеу өнеркәсiбiнiң көлемi 385,0 млрд. теңге. Оның ішінде химия өнеркәсібі 36,1 млрд теңге, құрылыс материалдары өндірісі 13,1 млрд теңге, машина жасау саласы 31,3 млрд теңге, металлургия өнімдері 217,2 млн теңге, жеңіл өнеркәсібі 3,4 млрд теңгені құрады. 

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейін стратегиялық даму жоспары шеңберінде батыс өңірлердіе мұнай-химия кешендерін салу, мұнай-химия және жоғары бөліністі газды қайта өңдеуді дамыту көзделген. Осыған орай «Ұлттық инновациялық технопаркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту нәтижесінде мұнай мен газды терең өңдеп, дайын өнімдер алатын боламыз. Болашақта Атырау мұнай -химия өндірісінің ошағына айналады. 

- Жуықта БАҚ-ында Атырау облысында жеңіл өнеркәсіппен айналысып жатқан кәсіпкерлердің мәселесі айтылды. Бұл салада қандай кедергілер бар? Сонда тігін фабрикалының табысы тиімсіз бе?

- Облыста жеңіл өнеркәсіп шағын бизнес есебінен дамуда. Бұл салада 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен 100-ге жуық жеке кәсіпкерлер бар. Жасыратыны жоқ жеңіл өнеркәсіпьің басты мәселелері шикізат тапшылығы, кадр жетіспеушілік, өнім өткізу. Шикізат сырттан тасымалданады және импортқа тәуелді. Маманмен қамтуға келер болсақ жергілікті жастар жеңіл өнеркәсібінің мамандығын алуға құштарлық танытпай отыр. Оған еңбекақының төмендігі, тұрақты жұмыс орынының болмауы себеп. Алайда, осы салада жоғарғы білім алғысы келетін студенттерге әкімнің гранты бөлінеді.    Ал өнімді өткізу мәселесі бойынша бәсекеге қабілеттілік қажет. Әрі сапалы, әрі бағасы төмен болуы керек. Мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тауарларын сертификаттап (сапаға сәйкестік, СТ-KZ) өнімді мерзімінде, сапалы өндіре алатынын дәлелдеу қажет. Сондай-ақ, биылғы жылы карантиндік шараларға байланысты өнімге сұраныстың азайды. 

Атырауда тігін фабрикалары жоқ. 22 кәсіпорынның тігін цехтары бар, олар тұрақты жұмыс жасайды. Фабрикаларға қатысты проблема жоқтың қасы. Тігін цехтары ағымдағы жылы төтенше жағдай орын алуына байланысты бір көзден сатып алу арқылы тапсырыстар алып жұмыстарын жасап жатыр. Карантин кезінде де жұмыстары тоқтаған жоқ. Мемлекет тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да қолдау бар, жалғаса береді. Мектеп формасының тігін фабрикасын ашып, оны тұрақты жүргізу нарық талаптарын қанағаттандырған жағдайда ғана тиімді болады. Алайда шикізат түгелімен шеттен тасымалданатындықтан тігін фабрикасының жұмысын тұрақты жүргізуде қиыншылықтар болмай қоймайды. Мектеп формасы ата-ананың қалауымен сатылып алынады. Егер кәсіпкер фабрика ашуға ынта білдірсе, қолдау жасауға дайынбыз. Алайда бюджет қаражатынан фабрика салынбайды.    

-Облыстағы инвестиция көлемі қандай? Инвесторлар қандай салаға қызығушылық танытады? 

- Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 2,4 трлн.теңге. Облыстар арасында көшбасшымыз. Қазіргі кезде Атырау облысы әлемнің 50-ден аса елдерімен тығыз ынтымақтасып, 1000–нан аса біріккен және шетел кәсіпорындары құрылып, жұмыс жасауда. Инвесторлар көбінесе мұнай-газ саласына қызығушылық танытады. Қазіргі таңда импортты алмастыру мақсатында, инвесторларды машина жасау, логистика, балық шаруашылығы және агроөнеркәсіп салаларына тарту жұмыстары қарқынды жүруде. 

-Ауылдық елді-мекен тұрғындарының кәсіп ашуға қабілеті қандай? 

- Ауылдық жерлердегі шағын кәсіпкерлік субъектілерді жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету, яғни ауыл кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 2013 жылы «Бизнес аймақ» бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері жергілікті бюджеттен 2,8 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлініп, 513 ауыл кәсіпкерлік субъектілері қаржыландырылып, олармен 705 жаңа жұмыс орны құрылды. 

-Тамақ және агроөнеркәсіп саласында жетістіктеріміз бар ма? Атыраулықтарды жергілікті өніммен, яғни азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік бар ма? 

- Облысымызда тамақ өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артық өндірілді, яғни 10,3 млрд.теңгені құрап отыр. Оның ішінде ұн өнімдері – 853,6 млн.теңге, балық өңдеу –3 млрд.теңге, көкөніс өңдеу – 137 млн.теңге. Жыл сайын өнім көлемі артып келеді. Қазір аймақта тамақ өндірісімен айналасытаны 52 кәсіпорын бар. 

-Атыраудан экспортқа мұнайдан басқа қандай өнімдер шығады? 

- Атырау облысынан экспортқа мұнайдан басқа тамақ өнімдері, күкірттің барлық түрі, радиоактивті химиялық элементтер шығарылады. Атап айтқанда полиэтилен қаптар, пленкалар, химиялық реагенттер, машина құрылысы өнімдері , бұрғы мұналарына арналған қосалқы бөлшектер, дайын метал өнімдері, цистерналар, форсункалар, балық өнімдері , көкөніс, құс өнімдері шығарылады. Биылғы қантар-тамыз айларындағы Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдеріне экспорт 37,2 млн. АҚШ долларын құрады. 

-Сұхбатыңызға рахмет!



Өзгелердің жаңалығы