Атырау облысындағы сәби өлімі: Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады

Қазіргі уақытта оқиға бойынша медициналық және сот-медициналық сараптама жүргізілуде.

 BAQ.KZ архиві Кеше 2026, 23:59
Кеше 2026, 23:59
94
Фото: BAQ.KZ архиві

Атырау облысында алты айлық сәбидің өліміне қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ресми мәліметке сәйкес, 28 ақпанда Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылында жедел жәрдем бригадасы шақырту бойынша алты айлық балаға медициналық көмек көрсеткен. Сәбиде ентікпе, дене қызуының жоғарылауы және емуден бас тарту белгілері байқалған.

Науқас аудандық ауруханаға жатқызылып, тексеруден кейін ем қабылдай бастаған. Дәрігерлердің консилиумы баланы шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізу туралы шешім қабылдаған.

Медицина қызметкері тасымалдау әдісіне қатысты шешім шығарарда нақты жағдайларды ескерген: түнгі уақытта санитарлық авиация қолдану мүмкін емес, сондықтан да жедел жәрдем көлігімен жеткізу жолы таңдалған. Жолға шамамен 5 сағаттай уақыт кеткен, бұл – қолжетімді нұсқалардың ішіндегі мейлінше шұғылы. Науқасқа анестезиолог-реанимотолог және медбике еріп барған, жолда балаға оксигенотерапия жасалған.   Бала 2026 жылғы 1 наурызда сағат 05.15-те облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімшесіне түскен, бірақ ол кезде өмір сүру белгілері болмаған. Жан сақтау шараларына қарамастан, биологиялық өлім тіркелген, - делінген мәлімдемеде.

Қазіргі уақытта оқиға бойынша медициналық және сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Бұған дейін Атырау облысында алты айлық сәбидің аурухана табалдырығында қайтыс болғаны туралы жазғанбыз.

Наверх