Ақтөбе облысынан басталған тасқын суға байланысты Атырау облысының Қызылқоға ауданында да төтенше жағдай жарияланған еді. ТЖД Алдымен Миялы ауылына басымдық берсе, қазір Ойыл бойындағы өзге де ауылдарды бақылауда ұстап отыр. Күштік құрылым Қоныстану ауылына жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауылында 31-наурыз күні төтенше жағдай жарияланған. Себебі су Ойыл бойындағы округтерге қауіп төндірген еді. Бірақ елдімекендер ішіне кірген жоқ. Тек Көздіғара ауылдық окруігіне қарасты Қоныстану ауылындағы сайда орналасқан 4 үйді басқан. Ол жерден 8 тұрғын мен бірнеше бас мал қауіпсіз жерге көшірілді. Ойыл ауылдық округіне қарасты Қосқұлақ және Бүйрек елді мекендері де су қоршауында қалған. Ол жердегі жұртты эвакуациялауға құтқарушылар барғанымен, тұрғындар көмектен бас тартыпты. Қыр басындағы малмен бірге қауіпсіз жерге өздері көшкен көрінеді.
Жалпы аудан бойынша бөгет көтеріп, жағдайды бақылауда ұстау жұмыстарына 1000-ға жуық мекеме қызметкері, 75-полиция, 145-ТЖД қызметкері мен 2000-астам ерікті жұмылған.
Қоныстану ауылдық округіне облыс әкімінің орынбасары Нұртаев Қайрат Талапұлы барды. Сондай-ақ, 50 құтқарушы мен 20-жуық ерікті жұмысқа жұмылған. Ауылға 5000 дана қапшық, 20 етік, 55 күрек пен 15 қол шам жеткізілді.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Қызылқоға ауданы, Көздіғара ауылдық округіне қарасты Қоныстану ауылына келіп жетті. Аталған топтың қатарында 4 бірлік техника, 50 жеке құрам адам бар.Судың келуіне байланысты жағаларды бекіту жұмыстары, сонымен қатар қаптарға топырақ салып, төсеу жұмыстарын жүргізуде,-деді Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов.
Көздіғара ауылдық округіндегі ахуалды ушықтырмауға кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Жергілікті бірнеше бизнес иелері қажет жағдайда тұрғындарды қалаға тасымалдайтын 2 автобус ұйымдастырып, азық-түлік және өзге қажетті заттарды да ұсынды.
Судан құтқару жұмыстары Тайсойған ауылында да жүріп жатыр.Қазір онда 30 құтқарушы, 60-жуық ауыл тұрғыны мен тағы 10 ерікті жүр. Ауылдың негізгі бөгеті 2 шақырым. Одан бөлек тағы 500-600 метрдей бөгет тұрғызылған.
Қауіпсіздіктің алдын алу үшін еңбекке жарамсыз адамдарды, әйелдер мен балаларды, яғни барлығын қосқанда 128 тұрғынды Атырау қаласына, 11 тұрғынды Миялы ауылына көшірдік. Тасқын су ауылға кеше кешке жеткен. Бөгеттерге жеткен жоқ,-деді округ әкімі Төреш Қозбақов.
Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары Жылыой ауданында да жүріп жатыр.Осы ауданға қарасты Ақкиізтоғай ауылында су деңгейінің көтерілуіне байланысты 11 техника, 100 шақты адам жұмылдырылған. 1500 қапқа құм толтырылды. Жұмысқа ТЖД-дан өзге ауыл азаматтары мен еріктілер де атсалысуда.
Өр суынан қорғану және жаға бекітуге Құрманғазы ауданының жауаптылары да кірісті. Әкімдіктегілер ондағы бөгеттердің беріктігі тексеріліп, Шортанбай, Көптоғай, Дыңғызыл ауылдық окруктерін бақылауда ұстап отырғандарын хабарлады.
Аудан бойынша жалпы су тасқынына қарсы бөгеттердің ұзындығы 264 шақырымды құрайды. Барлық бөгеттердің техникалық төлқұжаттары жасақталып, ауылдық округтердің теңгеріміне алынған. Шортанбай, Көптоғай, Дыңғызыл ауылдық округтері аса қауіпті учаскелер деп танылды. Нәтижесінде онда темір-бетонды құрылыс салу керек деген шешім қабылданды.Қазіргі уақытта ол жұмыстар басталып жатыр. Үш ауыл бойынша да бірнеше тонна қап топырақ қойылып, бөгеттің аласа бөліктері көтерілген.Төтенше жағдай орын алған кезде, халықты көшіру үшін әкімнің қаулысымен 26 эвакуациялық қабылдау пункті мен 5 эвакуациялаудың аралық пунктері бекітілді,-дейді Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов.
Су тасқынына қатысты жұмыстардың бәрі өңір басшысы Серік Шәпкеновтың тікелей бақылауында. Облыс әкімі бүгін ірі мұнай компанияларымен жиын өткізді. Төтенше жағдайларды болдырмау үшін, бірқатар тапсырма жүктеді.
Әкімнің жауаптыларға жүктеген тапсырмасы:
-Су тасқынының алдын алу үшін компаниялар мен мердігерлердің арнайы техникасын жұмысқа жұмылдыру,
-Әр компанияға белгілі бір учаске мен жұмыс фронтын бекіту,
-Қажет материалдар, жанар-жағармай, құрал-жабдықтар қорын қалыптастыру мәселелері бойынша қолдау көрсету.
Жұмыстарды үйлестіруді Атырау облыстық жедел штабы жүзеге асырады.
Тұрғындарды су тасқынынан қорғау қаланың өзінде де қарқынды. Жайық өзеніндегі су тасқынына қарсы іс-шараларға 140 техника жұмылдырылған. Жағалауды нығайту жұмыстары қала маңындағы Атырау, Рембаза ықшам аудандарында және Еркінқала, Дамбы, Қайыршақты, Атырау ауылдық округтерінде жүріп жатыр. Оған 10 кәсіпорын мен 3 кәсіпкерлік субъектісі тартылды.
Қазір облыстағы ахуалға байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында «Қауырт желі» жұмыс істеуде. Тұрғындар 45-41-47, 45-07-00 байланыс нөмірлеріне хабарласа алады.