Атырау облысында су тасқыны жағдайы қалай?

9 Сәуір 2024, 00:58
667
Бөлісу:
Атырау облысында су тасқыны жағдайы қалай?
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл туралы Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айтуынша, Жылыой ауданында 2810 әкімшілік ғимарат пен үйлерді су басқан, 31 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланған.

Негізгі назар су баспайтын жерлерді сақтауға және суды тартуға бағытталған. Осы мақсатта тек ағымдағы күні 54 мыңға жуық қапшық төселіп, 200 тоннаға жуық инертті материал құйылды. 6 сәуірде Құлсары қаласында су айдау жұмыстары басталды. Тәулігіне 5 мың текше метр су тартылды, бұл жұмыстарға 7 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Каспий теңізіне қарай су ағынының өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзені бойында жер үсті жарылыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. 5-8 - сәуір аралығында осындай 8 жарылыс болды. Жалпы канал бойынша Құлсары қаласында су деңгейінің 15 см төмендегені байқалады, - деді спикер.

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, Махамбет кентіндегі Жайық өзенінің гидропостында өткен тәулікте су деңгейдің көтерілуі 62 см, Атырау қаласында 20 см құрады.

Су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту мақсатында Атырау қаласы 107 учаскеге бөлінген. 500-ге жуық арнайы техника мен 9 мыңға жуық еріктілер жұмыс істейді. Өткен тәулікте 30 шақырым жағалауды нығайту бөгеттері күшейтілді.

Газ құбыры, электрмен жабдықтау сынды инфрақұрылымдық объектілерді қорғау да ерекше бақылауда. Осындай жұмыстар Жайық өзені мен оған іргелес аумақтардың бойында орналасқан Індер және Махамбет аудандарында жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы