Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің айтуынша, жедел желі қызметкерлердің құқықтары бұзылу фактілеріне дер кезінде жауап беру үшін қосылған, деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ол еңбек инспекциясының мынадай негізгі міндеттерін атап өтті: ҚР еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету; қызметкерлердің құқықтары мен еркіндіктерінің (соның ішінде, қауіпсіз еңбек жағдайларының) сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету; ҚР еңбек заңнамасының мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өтінімдерін, мәлімдемелерін, арыздарын қарау.
«Жедел желіде 1302 тез қоңырау шалу нөмірін, сондай-ақ, WhatsApp–та 87719927263 нөмірін іске қостық. Сол арқылы облыстың тұрғындары өздерін қызықтыратын барлық мәселе бойынша еркін ақыл-кеңес ала алады.Түскен сигналдардың барлығына біз уақтылы жауап қатамыз»,- деді Игілік Әубәкіров.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазір Теңіз кен орнында мемлекеттік еңбек инспекциясының кеңсесі ашылған. Қызметкерлер тарапынан еңбек құқықтарына қатысты сауалдар туындаған жағдайда, вахталық поселкедегі инспекторлар уақтылы жауап бере алады.
«Алдағы уақытта барлық ірі вахталық поселкелерде инспекторларды орналастыруды жоспарлап отырмыз. Еңбек инспекторлары жергілікті жерлерде түскен арыздардың барлығына жауап беріп отырады. Теңіз кен орнында олар өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгірді»,- деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Игілік Әубәкіровтің айтуынша, мұнай саласындағы қызметкерлердің келісімшарттарының аяқталуына байланысты көп сұрақ туындайды.
«Бұл жерде мына мәселенің басын ашып алу қажет. Егер адам бір жылға келісімшартқа тұрып, ол аяқталғасын, жұмыс көлемінің орындалуына байланысты қызметкермен есеп айырысу жасалса, бұл заң бұзушылық болып табылмайды. Бірақ, қызметкерді келісімшарты біткенше лауазымынан босатып жатса, бізге хабарлассын. Біз тексеру жүргізіп, оның құқықтарын қорғау үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз»,- деп сендірді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.