Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз айынан бастап Атырау облысында COVID-19 бойынша 150 000-нан астам ПТР зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Қазіргі кезде Атырау облысында ПТР зерттеу жүргізумен сегіз зертхана айналысып жатыр. Олар – Ұлттық сараптама орталығы (Атырау қаласы), Ұлттық сараптама орталығы (Теңіз қалашығы), "Олимп" зертханасы, "Проспект Медикал" (Атырау қаласы), "Проспект Медикал" (Теңіз қалашығы), Геолог емханасы, "Инвиво" зертханасы және Health Care Atyrau.
Солардың бірі Геолог емханасы жанынан ашылған зертхананың вирусолог маманы Күләш Дүйсенованың айтуынша, зертханада жұмыс істеуге қажетті құрылғылардың барлығы жеткілікті.
Геолог емханасындағы зертханада толық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда тест жүйелерімен қатар COVID-19 диагнозын қоюға арналған арнайы материалдар жеткілікті. Ал, бізге келіп түсетін материалдармен білікті мамандарымыз айналысады. Олар өңделгеннен кейін, 6 сағаттан соң ғана нәтижесі белгілі болады. Біз провизорлық орталықтардағы емделушілердің, жүкті әйелдердің, індет жұқтырғандармен байланыста болғандардың, сондай-ақ, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылған пациенттердің талдамасымен жұмыс істейміз, - деді Күләш Дүйсенова.
Облыстағы зертханалардың әрқайсысы жоспарлы емдеуге жатқызу, тәуекел топтар, сонымен бірге скрининг және кен орнының қызметкерлеріне байланысты өз деңгейіне сай ПТР-зерттеулер жүргізеді.