Атырау облысында алты айда жол апатынан 40 адам мерт болды

4 Шілде 2022, 23:36
1407
Бөлісу:
Атырау облысында алты айда жол апатынан 40 адам мерт болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында алты айда 153 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан 40 адам мерт болып, 189 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың мәліметінше, биыл жол-көлік оқиғасы 21,4, қаза болғандар саны 60, дене жарақатын алғандар саны 11,8 пайызға өсіп отыр.

Атырау облысында 6 айда 153 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан 40 адам қаза тауып, 189 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының бірнеше себебін айтуға болады. Біріншіден, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, екіншіден жаяу жүргіншілерді қағу, үшіншіден жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу, төртіншіден жылдамдықты шамадан тыс асыру. Облыс аумағында жыл басынан бері жылдамдықты шамадан тыс асырған 153 мыңнан, қарсы бағытқа шыққан 130-дан, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 800-ден, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өту кезінде 5 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі анықталды, - дейді Ерлан Биғамбаев.

Оның айтуына қарағанда, жол-көлік оқиғаларына Армения мен Грузия Республикасы, Ресей Федерациясы секілді шетелдерде тіркелген көліктердің де қатысы бар. Мәселен, осы елдерде тіркелген көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан 75 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Қазір Атырау облысының аумағында шетелде тіркелген 30 мыңға жуық көлік бар.

Биылғы бес айда көлік рульіне отырған мас жүргізушілердің кесірінен 8 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан екі адам қаза тауып, 8 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Патрульдік полиция қызметкерлері 300-ден астам мас жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапқа тартты. Ал, жасөпірімдер ұшыраған 23 жол-көлік оқиғасынан 2 бала қаза тауып, 30 бала әр түрлі дене жарақатын алды, - деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.

Қазір облыс аумағымен өтетін жолдарда көлік ағыны көбейген. Бұл жүргізушілерден сақтықты қажет етеді. 

Мәселен, республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолмен 9 мың, «Атырау-Орал» жолымен 7 мың, «Доссор-Құлсары-Бейнеу» 9 мың, облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» 5 мың автокөлік өтеді. Өңірдегі тас жолдарда тәуліктік ағын шамамен 9 мың автокөлікті құрап отыр. Аталған жолдардың деңгейі 3-санатқа жатқызылуына байланысты тәулігіне 3 мың 500 көлікті өткізу көзделген. Алайда, бұл жолдармен тәулігіне шамамен 5 мың 500 көлік өтетіні тіркелді. Осыған байланысты қала сыртындағы республикалық, облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы», «Атырау-Орал», «Атырау-Индер» тас жолына жылдамдық өлшеуге арналған 3 кардон-стационарлық құрылғы орнатылды. Бұл жолдарға тағы осындай 14 құрылғыны орнату жалғасып жатыр. Атырау қаласының аумағында 6 кардон-стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы іске қосылды. Қала сыртындағы жолдарға автоматты бағдарламамен жабдықталған үш аяқты жылжымалы құрылғыны пайдалану үшін мердігер мекемемен бірлескен жұмыстар атқарылды, - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы.

Өзгелердің жаңалығы