Атырау облысына 70 млрд теңге инвестиция тартылған

26 Қыркүйек 2024, 20:41
418
Бөлісу:
Атырау облысына 70 млрд теңге инвестиция тартылған
Фото: BAQ.KZ -архив

2024 жылы Атырау облысына 70 млрд теңге инвестиция тартылған. Соның арқасында экономиканың әр түрлі саласында 13 жобаны іске асыру қолға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір тартылған инвестиция арқасында 3 жоба іске қосылған. Оның ішінде сауда ойын-сауық орталығы бар. Сыйымдылығы 10 мың адамға жететін сауда орталығы 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыз толтырып айтатын жобаның кезектісі машина жасау саласына қатысты. Нақтырақ айтқанда, вагон құрастырумен айналысатын зауыт. Қуаттылығы 6 мың вагон шығаруға дейін жететін кәсіпорынның арқасында 180 тұрғын екі қолға бір күрек тапты.

Вагон құрастыру зауыты жобасы Атырау облысындағы инновациялық жоба болып табылады. Кәсіпорында жаңа әдістер мен технологиялар енгізіліп, басты артықшылығы қазіргі заманғы техника және автоматтандырылған, роботтандырылған өндіріс үдерісі. Тағы бір жоба «Көтерме сауда орталығы» жобасы. Ондағы жұмыс орны – 50 адам, қуаты – 10 мың тоннаға дейін жетеді. Жобамен қойманың бірнеше түрін салу қарастырылған (тоңазытқыш, құрғақ, инерттік материалдар үшін), оған қоса темір жол желісімен және автокөлік жолымен таратушы орталық ішкі логистиканың жүктемесін жеңілдетеді,-дейді Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Гүлфайруз Маратқызы.

Жыл соңына дейін тағы 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде тоқыма емес геосинтетика зауыты, қағаз өндіретін цех, сұйытылған азот өндірісі мен сығылған газды сақтауға арналған қойма құрылысы бар.

Биыл мұнайлы өңірге тартылған инвестиция көлемі әлдеқайда артқан. 2023 жылы аймақта 51,5 млрд теңгеге бас-аяғы 6 жоба іске асырылыпты. Жұмысын бастаған кәсіпорындар арқасында 500-ден астам жұмыс орны құрылды.

Өзгелердің жаңалығы