Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында дауларды сотқа дейін реттеу институты жетіліп келеді.
Өткен жылы мыңдаған іс екі жақты келісіммен бітімгершілікке келіп, татуласумен аяқталған. Сондай-ақ, соттарда қылмыстық істер азайған. Оған қоса азаматтарды ақтау үкімі көбейген.
2021 жылы облыстағы соттарға түскен қылмыстық істер азайды. Осы мерзімде аудандық және теңестірілген соттарға 1548 тұлғаға қатысты 1213 қылмыстық іс қаралған. Бірақ қылмыстық істер азайғанымен аса ауыр істердің саны өскен. Атап айтсақ, адам өлтіру мен жасы кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс көбейіп отыр. Сондай-ақ, өткен жылдармен салыстырғанда тұлғаларды ақтау үкімі екі есеге көбейді. Ал сыбалас жемқорлыққа қатысты істер азайды. Алайда сотталғандарға жаза күшейді, - дейді Тәтті Уәлиева Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы.
Сонымен қатар өткен жылы облыста 11 мыңнан астам азаматтық іс қаралған. Сот алқасы төрағаларының айтуынша өңірде азаматтық істер саны артқан. Біраз істер татуласу арқылы шешілген.
Біздің мақсат азаматтық істерді талапкер мен жауапкер тараптың өзара келісімімен шешуге қол жеткізу. Бұл екі жаққа да тиімді. Сол бағытта жұмыстар істелетін болады. Өткен жылы көптеген іс татуласу рәсімі арқылы аяқталды. Бұл дегенің екі тарап сотқа дейін өзаара келісімге келуі. 2 мыңнан астам іс осындай келісіммен аяқтадық. Оның ішінде медиация тәртібін қолдану арқылы 1191 іс, бітімгершілік келісім жасаумен 154 іс, партисипативтік келісім 25 іс. Бұл жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, облыста сот сапасын, судьялар төрелігін жақсарту бойынша көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Семинарлар ұйымдастырылады. Соттың тәжірибесін зерделеу жүргізіледі,- дейді Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Мәтен Ерғазиев.