Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада "Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы" атты тарихи-танымдық кітаптың 3 томының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кітап Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының тарихын қамтиды.
Біздің ауданның сонау жылдардан бергі, совет үкіметінен бұрынғы замандағы адамдардан, жерлерден бастап, совет үкіметі кезі мен қазіргі кездерге дейінгі бүтін тарихын қамтыдық. Адамын, жерін, өсімдігін, - дейді кітаптың бас редакторы, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиев.
Ол тұсаукесер салтанатында 3 томдықты шығару идеясы қалай келгенін айтып берді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық санамыз жаңарды. Жерімізді түгендедік, тарихымызды зерделедік. Осы орайда жеріміздің атауының көпшілігі Булгашин, Шестой, Телячи, Шакин, Коволев деп аталып кетті. Сосын амал жоқ архивтерді көтеруге тура келді. Астрахань қаласының архивін көтергенде Еділ мен Жайықтың ортасында 381 көл, өзенше, төбелер, аралдар бар екені анықталды. Соның 122-сі Құрманғазы ауданының өңірінде орналасқан. Соны тауып, атын өзгертіп, кейінгі ұрпаққа қалдыру керек деп ойладық, - деді ол.
Сондай-ақ Өмірзақ Қажымғалиевті ауданға еңбегі сіңген, белгілі адамдардың көпшілігі дүниеден өткен соң ұмытылып кететіні алаңдатқан.
Патриоттық тәрбие үшін адам өзінің жеріменен, еліменен мақтана білу керек. Сонда патриоттық сезім оянады. Тек “мен патриотпын” деп төс соққанда патриот болмайды. Тарихы анау, жерінің атауы мынау, кісілерін ұмытып жатыр. Сонда жас ұрпақ қайдан біледі? Жастарды патриоттық, отансүйгіштікке тәрбиелеу мынадай жағдайда қалай болады? Жастар отаншыл болу үшін өзінің өңірінің тарихымен мақтана алатын болуы керек. Ал жаңағыдай жағдайда қандай тарих бар? Өз өңіріміздің, өлкеміздің тарихын жаңартып жасауымыз керек болды, – деді өлкетанушы.
Сондықтан Өмірзақ Қажымғалиевтің бастамасымен ауданда өлкетану жұмысы қолға алынып, "Өренді өлкетанушы" клубы пайда болған. Клуб мүшелерінің барлығы кітаптың жарық көруіне атсалысқан.
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)