Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы өз еркімен қызметінен кетті

6 Қазан 2020, 17:25
1411
Бөлісу:
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы өз еркімен қызметінен кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлыбек Қабдықапаров өз еркімен қызметінен кетуге өтініш білдірді.

"Ақ жайық" басылымының сауалына облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жауап берді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровқа қызметтік міндетін тиісті атқармағаны үшін бірнеше себеппен қатаң сөгіс жарияланды. Олардың ішінде COVID-19-ға қарсы күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырудағы, инфекция жұқтырған медицина қызметкерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер ұйымдастырудағы, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде өңірдің медицина мекемелерін жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етудегі кемшіліктері бар, - деп жауап берді әкімдік.

Ол бұл мәселелер бойынша түсініктеме жазып, кейін өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берді.

Еске салсақ, 50 жастағы Нұрлыбек Қабдықапаров осы жылдың мамыр айының басында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. Содан кейін міндетін атқарушы дегені алынып тасталды. Бұл лауазымды қызметке ол коронавирус шарықтаған кезде 4 айда облыс медицинасына жауап берген Байтолла Ғазизовтың орнына келді.

Қазір облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы болып Асхан Бадувалиев тағайындалды. Бұған дейін ол бір жарым ай уақыт басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Өзгелердің жаңалығы