Атыраудағы колледжге мемлекеттік қайраткердің есімі берілді

4 Қазан 2019, 21:57
2425
Бөлісу:
Атыраудағы колледжге мемлекеттік қайраткердің есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, бүгін Атырау аграрлы-техникалық колледжіне белгілі мемлекет қайраткері Оңайбай Көшековтің есімін беруге арналған салтанатты шара өтті.


Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, еңбек ардагерлері мен қоғам өкілдері қатысты.

"Оңайбай Көшековтің есімі елге танымал. Ол 15 жылдан астам уақыт облысымызды басқарды. Өзге де жауапты қызметтерді атқарды. Оның табандылығы, тәжірибесі мен еңбекқорлығының арқасында ел үшін аса маңызды көптеген іс жүзеге асты. Ол - есімі тарих беттеріне алтын әріппен жазылған біртуар тұлғалардың бірегейі. Сондықтан да, жерлестерінің шынайы ризашылығы мен ықыласына бөленген жан", - деген  облыс басшысы Нұрлан Ноғаев қазіргі жастарды осындай тұлғаларды үлгі тұтуға шақырды.

WhatsApp Image 2019-10-04 at 16.54.17 (2).jpeg

Өңір басшысы атап өткеніндей, колледжге тұлғаның есімін беру – өңірдегі көптеген оқу орнының ашылуына ұйытқы болған тұлғаға деген құрмет деп бағалаған жөн. Аймақ басшылығының шешімі бойынша, Атырау аграрлы- техникалық колледжіне жаңа ғимарат салып беруге шешім қабылданыпты. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.
 
Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов та Оңайбай Көшековтің туыстарын, колледж ұжымы мен студенттерді құттықтай отырып, қайраткердің ел алдында еңбегін ерекше атап өтті. Бір кездері ол Маңғыстауды да басқарған. Оңайбай Көшековтің өңір басшылығы тұсында әлемдегі ірі қоры бар Теңіз мұнай кеніші ашылды, Атырау-Ганюшкин тасжолы салынды, Индер-Сағыз-Миялы жолы салына бастады, Мақат-Индер теміржолы іске қосылып, ауыл шаруашылығы саласы кең көлемде дами бастады, экономиканың өзге де салалары өрісін кеңге жайды. 

Еңбек ардагері Есен Тасқынбаев Оңайбай Көшековпен бірге қызмет атқарған кездерін сағына еске алып, сол кезеңдер туралы тебірене сыр шертті. Бұл үлкен жетістіктердің, күрделі проблемалардың тың бастамалардың заманы еді. 

"Оңайбай Көшековтің есіміне қылаудай дақ түсірмейді деген сенімдемін. Ұстаздар мемлекет пайдасы үшін ерен еңбек үлгісін көрсететін шәкірттерді тәрбиелейді деп үміттенем", - деді Есен Тасқынбаев. 



Өзгелердің жаңалығы