Атыраулық кәсіпкер қонақүйін карантиндік стационарға берді

31 Наурыз 2020, 23:28
1664
Бөлісу:
Атыраулық  кәсіпкер қонақүйін карантиндік стационарға берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 62 орындық қонақ үйге Covid-19 жұқтырған науқастармен  байланыста болған  адамдар уақытша орналастырылатын болады.

Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне қарағанда кәсіпкер Әлібек Семғалиев #бізбіргеміз жалпыұлттық науқанына қатысып, жергілікті билік органдарына коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұруға көмектесуді ұйғарған. 

Атырау тұрғыны өзінің "Пекин" қонақ үйін карантиндік стационарға берді. 

 Қонақ үй 62 кереуетке есептелген, 30 тұрғын бөлмесі бар, уақытша оқшаулануға барлық жағдай жасалған. Мұнда қауіпті дертті жұқтырғандармен байланыста болған адамдар орналастырылады. Ғимаратты  полиция қызметкерлері күзетеді, сондай-ақ қонақ үйдің  аумағы мен тұрғын аудандарына үнемі дезинфекция жұмыстары жүргізілмек.

Бүгінде біздің еліміз қиын кезеңді бастан өткеруде. Осындай жағдайда кез-келген қазақстандық, қай қалада тұрса да отандастарына қолынан келген көмегін көрсетуі керек деп ойлаймын. Осы орайда,  Атырау облысының кәсіпкерлерін бірігіп, #бізбіргеміз акциясына қатысуға шақырамын, - деді Әлібек Семғалиев. 

Айта кетейік, қазіргі таңда  Атырау облысында 168 адам  карантинде.  Оның ішінде инфекциялық стационарда -  13 адам, провизорлық орталықта  -  39 адам, карантиндік стационарда 116 науқас бар.

Өзгелердің жаңалығы