Атырау халқы жекпе-жекті өте жақсы көреді – Ринат Ибрагимов

20 Қаңтар 2021, 12:15
3678
Бөлісу:
Атырау халқы жекпе-жекті өте жақсы көреді – Ринат Ибрагимов
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше жыл дзюдо күресінен ұлттық құрамада өнер көрсетіп, екі рет Олимпиадаға қатысқан Ринат Ибрагимов соңғы екі жыл көлемінде Атырау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына жетекшілік келеді. Жақында белгілі спортшы, бүгінде мұнайлы өлкенің спортына жауапты менеджермен сұхбат құрған едік.

Тілші: Еліміз үшін қиынға соққан 2020 жыл да аяқталды. Өткен жыл Атырау спорты үшін  қалай болды?

Ринат Ибрагимов: Дұрыс айтасыз, 2020 жыл қай-қай салаға да оңай болмағаны рас. Көптеген жоспарымыз кейінге қалдырылды. Карантин режимі басқа облыстарға қарағанда Атырауда ұзаққа созылып, спортшылардың дайындық жұмыстарына кедергісін тигізді. Соған қарамастан облыс спортшылары ресми чемпионаттардан 200-ге жуық медаль еншіледі. Сол себепті де бұл медальдардың орны ерекше деп білемін.

Пандемия уақытында жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар халықты азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамту, ауруханаларды оттегі баллондарымен қамтамасыз етуде көмектерін аямай көрсетіп, облыстың барлық тұрғынына, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге отансүйгіштіктің, патриоттықтың, жүректілік пен батылдықтың үлгісі бола білді. Менің ойымша, осы тұста спортшылар қазіргі күннің батырлары екенін дәлелдеді.

Тілші: Өзіңіз айтқандай, Атырау – еліміздегі коронавирус ошағына айналған өңірлердің бірі болды. Пандемия жұмыстарыңызға қиындық тудырғаны белгілі. Дегенмен қандай жарыстар өткізіп үлгердіңіздер?

Ринат Ибрагимов: 2019 жылы 450 мың адамды қамтыған 1500 іс-шара ұйымдастырылса, 2020 жылы елдегі пандемияға байланысты саны азайды. Дегенмен 68 мыңға жуық адамды қамтыған 450 іс-шара ұйымдастырылды. Атырау халқы жекпе-жек түрлерін өте жақсы көреді. Жыл басында ауқымды NFC турнирі, қазан айында кәсіпқой бокс кешін өткіздік. Одан бөлек әр түрлі жас ерекшеліктері бойынша самбодан, бокстан, ГТФ таэквондодан, тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаттары ұйымдастырылды. Мүмкін болатын спорт түрлерінен онлайн жарыстар жүйелі түрде өтіп келеді.

Атырау халқы жекпе-жекті өте жақсы көреді – Ринат Ибрагимов

Тілші: Атырау клубы араға бір жыл салып, премьер-лигаға қайта оралды. Президент кәсіби клубтарды қаржыландыруды азайту керек деп жатыр. Алдағы маусымда клубтың бюджеті қанша болмақ?

Ринат Ибрагимов: Клуб бюджеті бұрынғы премьер-лигада ойнаған жылдардағыдай болып қала береді. Жыл басында футбол командасына прьемьер-лига ойындарына жолдама алу туралы тапсырма қойылған болатын. Клуб тапсырманы сәтті орындап, бірінші лигада үздік шықты. Қазіргі уақытта негізгі командадан бөлек, футболға қызығушы 554 бала – жасөспірімдер және жастарды бір орталықта тәрбиелеу мақсатында футбол орталығы жұмыс істеп жатыр. Жергілікті балалармен шұғылдану үшін шетелден арнайы 2 жаттықтырушы шақыртылды. Фубол орталықтары облыстың Махамбет, Мақат, Индер, Қызылқоға, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласында жұмыс істейді. Биыл Президент Жолдауына сәкес барлық ауданда да академия филиалын ашып, жасөспірімдерді спортқа көбірек тарту жоспарланған. Клуб алдағы уақытта балалар спортын дамытуды қолға алады.

Тілші: Жалпы, Атырау облысының спортын басқарғаныңызға екі жыл болды. Өзіңіз қызметке келгенде жұмысты неден бастадыңыз?

Ринат Ибрагимов: Мен келген жылы «Мұнайшы» стадионының алаңы жарамсыз деп танылып, ойындарды өткізуге тыйым салынған болатын. Жергілікті демеушілер көмегімен қысқа уақытта бұл мәселе шешімін тапты. Мақсатымыз – Олимпиада ойындарының чемпионын шығару және халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау, осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз.

Тілші: Өзіңіз білетіндей, кәсіби спорттан бөлек, бұқаралық спорт бар. Бұл жағы Атырау облысында қалай жүргізіліп жатыр?

Ринат Ибрагимов: 2017 жылдан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Атырау қайырымдылық марафоны» өткізіліп келеді. Жыл сайын қатысушылар саны артып, 2019 жылы 3000 адамға жетті, халықаралық дәрежеге жетті. Биыл пандемияға байланысты марафонды онлайн түрде өткізіп, оған 2000-ға жуық тұрғын қатысты.

Жалпы Атырау облысында жылда 7 ірі марафон, велошерулер, стритбол мен Street workout бәсекелері дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта 25 Street workout алаңын салу жоспарланып отыр.

Атырау халқы жекпе-жекті өте жақсы көреді – Ринат Ибрагимов

Тілші: Токио Олимпиадасы 2021 жылға шегерілді. Облыстың бұл додаға қойған межесі қандай? Қанша жолдамадан үміттісіздер?

Ринат Ибрагимов: Біздің ең басты мақсатамыз – Олимпиада ойындарының чемпионын шығару. Әзірге 1-2 жолдамадан үмітіміз бар. Ал паралимпиадалық спорт Атырау облысында қарқынды түрде дамыған деп айта аламын. Паратаеквондошы Нұрлан Домбаев лицензия еншілеп үлгерді. Одан бөлек тағы 4-5 параспортшымыз лицензиядан үмітті. Олардың ішінде дзюдошыларымыз бен отырып ойнау волейболы командасы, ПарАзия ойындарының жүлдегері атанған жүзу шеберлері бар.

Тілші: Мемлекеттік қызметте жүріп, саламатты өмір салтын ұстануды ұмытып кеткен жоқсыз ба?

Ринат Ибрагимов: Әрине, әріптестеріммен аптасына екі рет футбол ойнауды әдетке айналдырдық. Жұмыстан тыс кезде ойын түрлері мен жүзуге барып тұрамын.

Тілші: Өзіңіз спортқа берілген адамсыз. Ал отбасы мүшелеріңіздің спортпен шұғылдануына қаншалықты көңіл бөлесіз?

Ринат Ибрагимов: Әзірге балаларыммен бірге спортпен айналысу үшін олар әлі кішкентай. Жалпы алдағы уақытта өздерінің таңдаулары бойынша  спорттық үйірмелерге беретін ойым бар.

Тілші: Енді өткенге шегініс жасасақ, 2008 жылы нағыз бабыңызда болдыңыз. Бірақ Пекин Олимпиадасынан бос қайттыңыз. Қалай ойлайсыз, сол кезде Ван Ки Чунды жеңуге болар ма еді?..

Ринат Ибрагимов: Пекин Олимпиадасына бір ай қалғанда иығымды жарақаттап алып, жаттығуды тыңғылықты жасауға қиыншылықтар болды. Тең деңгейде күресіп, тек қосымша 9-минутта жеңілдім. Жарақат өз әсерін тигізбей қоймады. Жеңіс бар жерде жеңіліс те бар.

Тілші: Жалпы, өзіңіздің спорттық карьераңызға көңіліңіз тола ма? Қандай әттеген-айларыңыз бар?

Ринат Ибрагимов: Әрине, спорт арқылы өмірлік тәжірибемді арттырып, мақсатқа жетуді үйрендім. Әттеген-ай қай-қай спортшының өмірінде болады. Дегенмен қазіргі күні осы спорт арқылы орнымды тауып, ел намысын қорғағанымды мақтан тұтамын.

Тілші: Атырау – еліміздегі дзюдоның дамыған алдыңғы қатарлы облыстардың бірі. Командалық жарыстарда Қазақстан кубогын да ұтқан. Жастардан кімдерді ерекше атай аласыз?

Ринат Ибрагимов: Қазіргі уақытта жастарға баса назар аударудамыз. Жастар ұлттық құрамасында Ермек Амангелді, Бақыт Абдусамат, Шынтас Серікболсын, Бекзат Шағатаев, Дінмұхаммед Шаменов секілді спортшыларымыз бар. Алда істелетін жұмыстар көп. 3-4 жылда әлемік додаларда жеңімпаз болатын дзюдошы шығады деген сенімдімін.

Атырау халқы жекпе-жекті өте жақсы көреді – Ринат Ибрагимов

Тілші: Токио Олимпиадасында Қазақстанның дзюдодан алтын алуға шамасы жете ме? Кімдерден үміт күтесіз?

Ринат Ибрагимов: Екі Олимпиада ойынына барғанда түсінгенім: бақ пен бап қатар шапқан кезде ғана жеңіске жетуге болады. Олимпиада ойындары болған соң күтпеген нәтижелер болуы мүмкін. Біздің құрамада Елдос Сметов, Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов, тағы басқа да мықты спортшылар бар. Биыл қалай да Олимпиада алтыны болатынына сенімдімін. Барлық спортшыға сәттілік тілеймін!

Тілші: Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы