Атырау балықшылары салмағы 150 келі тартатын балық аулады

31 Наурыз 2021, 00:50
2153
Бөлісу:
Атырау балықшылары салмағы 150 келі тартатын балық аулады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балықшылар Жайықтан салмағы 150 келі тартатын ірі балық аулады, деп хабарлайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында 2021 жылғы 29 наурызда Жайық өзенінің «Кіші Дамбы» тартымында Амангелді атындағы ӨК-нің балықшылар бригадасы «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК балықшыларының қатысуымен салмағы 150 кг, ұзындығы 2,4 м қортпа балығының аналығын ұстады, – деп жазылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Қазір қортпа балықтың жағдайы қанағаттанарлық күйде екен.

Ол Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының тоғанына орналастырылды, балық өсірушілердің үнемі бақылауында, – дейді министрліктен.

Ауланған бекіре тұқымдастардан уылдырық пен шоғал алынып, кейін олар табиғи мекендеу ортасына қайта жіберіледі.

Айта кетсек, Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттары қолдан өсіру арқылы бекіре тұқымдас балық түрлерінің қорларын қалпына келтірумен және өсірілген шабақтарды табиғи мекендеу ортасына шығарумен айналысады. Елімізде басқа Каспий маңы мемлекеттеріндегідей бекіре тұқымдас балықтарды коммерциялық мақсатта аулауға тыйым салынған. Бекіре тұқымдас балықтарды ғылыми мақсаттарға және өсімін молайту мақсатында  аулауға жоғарыда аталған екі мемлекеттік балық өсіру зауытына ғана белгілі бір шекке дейін рұқсат бар.
Өзгелердің жаңалығы