Атырауда әйелдерді жаңа мамандыққа оқыту басталды

28 Ақпан 2019, 16:50
2146
Бөлісу:
Атырауда әйелдерді жаңа мамандыққа оқыту басталды

Атырау облысы, BAQ.KZ. Көп балалы, жалғызбасты және әлеуметтік әлсіз топтағы аналарды қолдаудың жаңа бағыты бойынша 300 адамды қамту жоспарланған.

Атырауда әйелдерді жаңа мамандыққа оқыту басталды

Бұл бастаманы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындармен есептік кездесуі кезінде мәлім етті. Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы Азаматтық орталықтың басшысы Әйгерім Досқалиеваның айтуынша, аймақта көп балалы, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік әлсіз топтағы аналарды қолдаудың жаңа шарасы дайындалған. Шара аясында әйелдерді қысқа мерзімді курстар арқылы жаңа мамандыққа оқыту көзделіп отыр.

"Курстарды Азаматтық орталықтың мамандары әзірледі. Біздің мақсатымыз – әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сол арқылы өз істерін бастап, өмірлік мақсаттарын айқындауға, ары қарай дамуларына қолдау көрсету. Оқу мерзімінің ұзақтығы - бір аптадан бір айға дейін. Қазір үш топта оқу басталды, 30 адамды қамтып отыр. Аналар негізінен тігіншілікке және аспаз-кондитер мамандығына қызығушылық танытуда", - дейді Әйгерім.

Атырауда әйелдерді жаңа мамандыққа оқыту басталды

Бірақ әйелдер тек осы мамандықтарды ғана меңгермейді. Шаштараз ісі, маникюр, визаж, емдік массаж, бухгалтерия, интернет-сауда дағдылары, SMM, басқа да мамандықтар бар.

Төрт баланың анасы Әлия Тәженова бала күтіміне байланысты демалыста отыр. Бұл бастама оған жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік берді. Әлияның таңдауы сұлулық әлеміне түскен.

"Бірнеше күннен бері макияж жасаудың қыр-сырын үйреніп жатырмыз. Үйде жұмыссыз отырған аналар үшін бұл жақсы бастама. Тегін оқып, қосымша дағдыларды меңгереміз. Бүгінде мемлекет көп балалы аналарды жұмыспен қамтуға көп мүмкіндіктер беруде. Осы курстан үйренгеніміз болашағымызға септігін тигізіп, жаңа іс бастаймыз деген сенімдемін. Мен осыған талпынамын, әрі отбасылық бюджетті арттыруға да көмегі көп, бұл біз үшін өте маңызды", - дейді Әлия.

Оқу курстары аяқталғаннан кейін белсенді қатысушылар әлеуметтік желілерде іс жүргізу, маркетинг және бизнес негіздеріне онлайн режимде оқитын болады.

Өзгелердің жаңалығы