«Атырау-Астрахань» тас жолында ауқымды жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр

30 Мамыр 2022, 13:56
1697
Бөлісу:
«Атырау-Астрахань» тас жолында ауқымды жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы құрылыс маусымы аясында «ҚазАвтоЖол» ҰК «АҚ бірқатар жол жобасы бойынша, оның ішінде жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын (II техникалық санаттағы) республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» трассасы бойынша да ауқымды жол құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазір жолдың 60 шақырымына асфальт төселді.

Жолдың қалған 217 шақырымында (барлығы 4 учаске) мердігер ұйымдар асфальт қабаттарын орнату үшін үш асфальт-бетон зауытын (АБЗ) іске қосты. Маусым айының ортасына дейін тағы екі қосымша асфальт-бетон зауытын іске қосу жоспарланып отыр, бұл жол құрылыс жұмыстары қарқынын едәуір арттырады.

Сонымен қатар, барлық қажет жұмыс күші жұмылдырылды. 550-ге жуық жол жұмысшылары мен 300-ден астам арнайы техника жұмыс жасауда. Тапшылық жоқ. Жол-құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары да жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, олардың басым бөлігі көршілес Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан әкелінеді.

Бүгінгі таңда 31 су өткізу құбырының құрылысы аяқталды, тағы 20-сы салынбақ. Жобада қарастырылған 8 мал айдау өткелінің 6-ның құрылысы аяқталды.

Мамыр айында ауа райының қолайсыздығын (нөсер) ескере отырып, 10 км-ден астам асфальт төселді. Уақытша айналма жолда шаң басу және профильдеу бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп тұрады.

Бұдан басқа, биылғы жол құрылыс маусымында ұзындығы 28 км болатын «Атырау қаласының солтүстік айналма жолының» құрылысы басталады, оны 2,5 жылдан кейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мердігер ұйым дайындық жұмыстарын бастап кетті, арнайы техника мен персоналды жұмылдырып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы