Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бейнеконференциялық байланыс режимінде Тараз қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді.
Онда Тараз қаласында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары, індеттің алдын алу бойынша жасалып жатқан шаралар жайында, басқа да бірқатар көкейтесті мәселе қаралды.
Бірінші кезекте, Таразда коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайларының жалғасуы алаңдатады. Облыс орталығында мыңнан астам адам ауру жұқтырған.
Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, қайғылы жағдайды өзгерту үшін алдын алу жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Тараздықтар мен кәсіпкерлердің қолдауының арқасында тұрғындарға 27 мың қорғаныш маскасы тегін таратылды. Күн сайын дезинфекция жүргізу үшін 28 маман және 10 бірлік техника тартылған. Мобильді топтар карантиндік режимді бұзғаны үшін 41 әкімшілік хаттама толтырған. Кейбір істер бойынша сот шешім шығарды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та дәрігерлер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақыруда және коронавирустан қалай қорғануға болатынын түсіндіруде. Күн сайын 10 дәрігер кезекпен қала әкімдігінде әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфир жүргізеді және тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Тұрғындарға COVID-19 туралы пайдалы ақпарат жинақталған кітапшалар таратылуда.
Бердібек Сапарбаев атқарылған жұмыстардан көңіл көншітерлік нәтиже жоқ екенін айтты.
- Мобильдік топтардың жұмысын жүйелендіру және күшейту қажеттігі туралы бірінші рет айтылған жоқ. Олардың өз қызметін қайта бастаған тәуекел топтарымен, объектілермен атаулы жұмыс жүргізгені анық емес. Базарлар нағыз былық орнына айналған. Оларда талаптарды сақтау бойынша ешқандай шара қолға алынбаған. Әсіресе, қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы сын көтермейді, - деді облыс әкімі.
Дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасын бақылайтын мобильді топтар да нашар жұмыс істейді.
Медициналық дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру фактілері тоқтатылмайды. Күн сайын маған Тараз тұрғындарынан ондаған өтініш келіп түседі. Олар дәрі таба алмайды, ал егер тапса, жоғары бағамен сатып алуға тура келеді. Жауапты ведомстволардың ешқайсысы қала әкімдігінен бастап, оны қадағаламайды. Кінәлілер жауапқа тартылмайды, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.Егер қала әкімдігі халықпен кері байланысты жақсартса, осы мәселелердің барлығы уақытында жойылатын болады.
Тұрғындар "Jardem 109" бірыңғай диспетчерлік қызметіне де сенуден қалды. Бұл туралы тараздықтар әлеуметтік желілерде жарыса жазады.
Бұдан бөлек облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына күн сайын қоғамдық көліктің сапасыз қызметіне, жолдар мен кейбір нысандардың нашар жөнделуіне, қоқыстың көптігіне көңілі толмайтын тұрғындардан бірнеше өтініш келіп түседі.
- Тұрғындар мердігер ұйымның өз міндетіне немқұрайлы қарайтын шенеуніктері мен адал емес қызметкерлерінің әрекеттеріне байланысты алаңдаушылыққа бой алдырды. Құрылысшылар өз жұмысына жауапсыз қарайды, қауіпсіздік шаралары туралы ойламайды. Құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізеді, тіпті, аяқсыз да қалдыра салады. Салдары сол, көп пәтерлі үйлердің аулалары сын көтермейтін жағдайда. Балалардың ойнау алаңы сапасыз жөнделуде. Әткеншектері қалай болса, солай жасала салады. Мұның бәрі балалардың жарақат алуына әкеледі. Ал қала әкімдігі болса сенімді мердігерлермен ынтымақтасудың орнына бір күндік фирмалармен жұмыс істеуді жалғастыруда. Мен бұл мәселелерді өзім барған құрылыс алаңдары, шағын аудандардың алаңдарында болғанымда өз көзіммен көрдім. Бүгінде біз кемшіліктерді жоюда ешқандай жұмыс істелмегенінің куәсі болып отырмыз, - деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімі.Қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау жағдайы да жақсы емес деп ескертті облыс әкімі.
Қазір қаланың әр аймағында жылу құбырларының жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның салдарынан жолдардың жайы жақсы емес. Құрылысшылар оларды ретке келтіруге асықпайтынын көріп отырмыз. Жөндеу аяқталғаннан кейін мердігер компаниялар жолдарды қалпына келтіруге міндетті. Бұл жұмыстарды әкімдікпен бірге соңғы уақытта белсенділік танытпайтын 11 мобильді топ қадағалауы тиіс. Жылу жүйесінің жұмыстарын тездетіп аяқтау керек. Тұрғындар ыстық суды күтіп отыр. Сондықтан, тамыз айының басында ыстық су беруді қайта жалғастыру керек, - деп жалғастырды Бердібек Сапарбаев өз сөзін.
Өңір басшысы Тараз қаласының әкімдігіне жаңа сыйымды автобустарды сатып алу мәселесін шешіп, электронды билеттерді және GPS-бақылауды енгізу туралы нақты тапсырма болғандығын атап айтты.
Өкінішке қарай, бұл мәселе де шешімін таппады. Қала басшылығы жағдайды бес саусағындай бағамдай алуы керек. Түйінді мәселелер болса, әр түрлі нұсқаларды қарастырып, автобустарды лизингке сатып алуға, МЖӘ тетіктерін пайдалануға болады емес пе? - деп мысал келтірді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы, сондай-ақ, қалалық коммуналдық қызметтердің жұмысындағы олқылықтарды да атап өтті. Осы уақытқа дейін арық жүйесі қалыпты жұмыс істемейді. Арықтардың барлығы бітеді, су ағып кетпейді.
Облыс әкімі "Жұмыспен қамту жол картасы" бойынша жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де айрықша тоқталды.
Таразда бұл бағдарлама аясында 389 жоба іске асырылуы тиіс. Қазіргі уақытта 213 нысанда құрылыс жұмыстары басталды. Барлығы 62 нысан пайдалануға берілді. "Жұмыспен қамтудың Жол картасын" табысты іске асырудың орташа көрсеткіші 71,5% құрайды.
- Жұмыс нашар жүргізілуде, - деп атап өтті облыс әкімі.
Кеңесте қашықтан оқытуға қатысты мәселелер де сөз болды.
Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың айтуынша, қаланың 60 мектебі өз оқушыларын барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етеді. Бірінші кезекте, компьютерлерді аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар алады, олардың саны 17 мыңнан асады. Мектеп балансында 5 мыңнан астам компьютер бар, биыл тағы 500 дана сатып алынады. Кейбір балалар компьютерлерді өткен оқу жылының соңында алды және оларды әлі де пайдаланады. Осы орайда Алмас Садубаев компьютерлер мұқтаж барлық балаларға жетеді деп сендірді.
Облыс әкімі жаңа оқу жылына мұқият дайындалуды тапсырды. Ол, сонымен қатар, мектептер медициналық пункттерді ашуға да дайын болу керектігін еске салды.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев қаладағы сыртқы жарнаманы, жарықтандыруды ретке келтіріп, қоқыс мәселесін шешуді тапсырды. Ол жергілікті атқарушы орган бизнес-нысандардың өз аумағын тазалықта және тәртіпте ұстауын қадағалауға міндетті екенін атап өтті.
Қала әкімі қаланы бес саусағындай білуі керек. Ол кез келген мәселеден хабардар болуы және оларға бірден жауап беруі қажет. Жауапкершілікті басқаларға да жүктеңіз. Барлық ведомстволармен жұмыс істеңіз. Айтылған сын-ескертулерді түзетіңіз, - деді Бердібек Сапарбаев кеңесті қорытындылай келе.