Түркістан облысында заңсыз төленген 35,7 млн теңгеден астам атаулы көмек кері қайтарылды

11 Қазан 2019, 09:32
6321
Бөлісу:
Түркістан облысында заңсыз төленген 35,7 млн теңгеден астам атаулы көмек кері қайтарылды
PHOTO

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың 1 қазанына дейін Түркістан облысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті 99,7 мың отбасы немесе 577,8 мың адам алды. 

Оның ішінде 352,4 мың бала немесе 65,7 мың отбасы – көпбалалы. АӘК төлеуге жалпы 60,7 млрд теңге бөлінген, оның 55,6 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 5,1 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді, бүгінге дейін 43,0 млрд теңгесі немесе 71,0% игерілді. 

Бұл туралы Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева хабарлады.

f6d62798-b83c-4636-9818-dd0573bc73b1.jpg

АӘК алушылардың қатарында еңбекке қабілетті 32,5 мың адам жұмысқа тартылып, оның 24,8 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылды. Облыста АӘК алушыларға жүргізілген мониторинг барысында қолданыстағы заң нормаларының бұзылғандығын, қайта тексеруді талап ететін 18,5 мың факті анықталған.

«Түркістан облысы бойынша 18 555 отбасы табысын жасырған. Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесімен бүгінгі таңда 3147 отбасына төлемдер тоқтатылды, 4 187 отбасына АӘК бас тартылды, 7,3 мың отбасына АӘК сомасы қайта есептелінді. Заңсыз төленген 35,7 млн теңгеден астам АӘК сомасы кері қайтарылды», – деді Әсия Құралқызы.

ad323c48-9edd-43c0-be02-d45beac59c96.jpg

Бұдан бөлек, мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру үшін министрлік тарапынан заң жобасы әзірленіп, оның шеңберінде АӘК көрсетудің қолданыстағы тетігін өзгерту көзделген. Заңнамалық түрде аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет анықталатын болады. Осы ретте көпбалалы отбасылар бұрынғыдай мемлекеттің қолдауымен қамтылатын болады.

«Негізгі қағидат – мемлекет нақты көмекке мұқтаж адамдарға көмектесетін болады. Мемлекет бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі тиіс, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Сондықтан шаралар кешені 3 бағытты қамтиды. Біріншісі, көпбалалы аналарды жеке санатқа шығару және оларға кепілді жәрдемақы беру, көпбалалы отбасы,аз қамтылған отбасы дегендер алынып тасталады. Бұл көпбалалы аналардың материалдық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, олардың беделі мойындалады, елдегі бала туу деңгейін арттырады. Екіншіден, аз қамтылған азаматтарды қолдау және оларды жұмысқа орналастыруға ынталандыру, үшіншісі, барлық АӘК алушылардың балаларына заттай қолдауды қамтитын кепілді пакет ұсынылатын болады», - деді басқарма басшысы Әсия Темірбаева.

b920bb96-d5ae-4bce-837b-2d16547a2c1d.jpg

Айта кетейік, Түркістан облысында көпбалалы 86,6 мың отбасы немесе 371,7 мың бала бар. 4 балалы – 56,9 мың отбасы немесе 217,7 мың бала, 5 баладан – 24,4 мың отбасы немесе 121,8 мың бала, 6 баладан – 4,8 мың отбасы немесе 28,6 мың бала, 7 және жоғары баладан – 508 отбасы немесе 3,6 мың бала бар. Сондықтан, мамандар көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджет қаражатынан мемлекеттік жәрдемақылар енгізілетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы