Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Самбодан КСРО Жастар чемпионатының жүлдегері, бір кездері Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған Қайрат Шаңғараев қайтыс болды.
Осының алдында Айтжан Шаңғараев қапияда бұл жалғанмен қош айтысты. Елу жеті жасында соңына жеті баласын қалдырып, жаратқан иеміздің құзырына кете барды. Жалпақ дүниені жайлаған дерт Айтжанға да шеңгелін салған болатын. Енді, міне, оның інісі самбодан КСРО Жастар чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, кейіндеу әлем чемпионатына бергісіз Анатолий Харлампиев турнирінде топ жарған Қайрат Шаңғараев қаза тапты. Қайрат інім 2010 жылдан Қазақстан самбо құрамасының бас жаттықтырушысы еді. Енді, міне, осы бір қарапайым, елгезек, балуан, бапкер бауырдан, ең бастысы, қаны бір қазақ бауырдан айырылып қалдық. Шаңғараевтар әулеті жиырма күннің ішінде екі бірдей азаматынан - Айтжан мен Қайраттан көз жазып қалды. Екі азаматтың отбасына, ет жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл білдіреміз, - деп жазды спорт қайраткері Қыдырбек Рысбек Facebook-тегі парақшасында.