Атамқұлов Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

15 Қазан 2020, 11:18
1305
Бөлісу:
Атамқұлов Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сокпен кездесті. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар Корея Президенті Мун Чжэ Инннің Қазақстанға өткен жылғы сапары елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін бергенін атап өтті. 

Кездесуде инфрақұрылым, өнеркәсіп, көлік, инвестициялар, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету перспективалары қаралды. 

Қазақстан - Кореяның Орталық Азиядағы ірі сауда серіктесі. 2019 жылы екі елдің тауар айналымы 6,5 млрд АҚШ долларын құрады. Коронавирус пандемиясына қарамастан Корея 2020 жылдың басынан Қазақстанмен тауар айналымының (4,3 млрд долл.) оң динамикасын көрсеткен төрт елдің бірі болып отыр. 

Тараптар бұл түрлі салалардағы ынтымақтастықтың 58 бағытын қамтитын «Самал жел» бірлескен экономикалық бағдарламасын іске асырудың нәтижесі екенін атап өтті. 

Корея бірлескен кәсіпорындар саны бойынша алыс шет елдердің ондығына кірді. Қазақстанда корей капиталының қатысуымен 20 жоба іске қосылды (Lotte, Hyundai, Dongil Construction (Highvill) және басқалар сияқты), сондай-ақ 30-ға жуық жоба іске асырылып, пысықталып жатыр. Жалпы, Қазақстанда машина жасау, құрылыс, денсаулық сақтау және т. б. салаларда Кореяның қатысуымен 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 

Екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жарқын үлгілерінің бірі Алматы қаласында ашылған «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауыты екенін атап өтті. Сондай-ақ, корей-түрік консорциумының қатысуымен Үлкен Алматы айналма автожолын (ҮАААЖ) салу Алматы агломерациясы үшін өте маңызды. 

Сонымен қатар, тараптар қазақстан-корей Үкіметаралық комиссиясының алдағы 9-шы отырысын ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Министр аталған іс-шараны табысты өткізу екі ел ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтті. 

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды қарқынды дамыту үшін бар күш-жігерді жұмсауға дайын екендіктерін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы