Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезі барысында белгілі болды.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жаңа президиум төрағасы болып Райымбек Баталов сайланды.
Жиында бірінші кезектегі күн тәртібінде ұлттық кәсіпкерлер палатасының жаңа президиум төрағасын сайлау мәселесі алға қойылған болатын.
Айта кетерлігі, съезге қатысушылардың ішінен 248 адам Райымбек Баталовтың президиум төрағалығын қолдады, 9 адам қарсы шықты және 38 қатысушы дауыс беруден бас тартты. Барлығы 302 адам қатысты.
Шешім қабылданды. Баршаңызды құттықтаймын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметін одан әрі жетілдіре түсуде бар күшімді саламын. Бәріміз бірігіп жұмыс істейміз, өзгерістерді бірге енгіземіз. Біріксек, алда алмайтын асу жоқ, - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы Райымбек Баталов.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын Абылай Мырзахметов басқарған болатын. Бүгін өтіп жатқан палатаның кезектен тыс ІХ съезі барысында ол қызметінен кететінін хабарлады.