Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

16 Ақпан 2021, 14:42
33927
Бөлісу:
Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы
EX PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кезінде Қазақстан дзюдо құрамасы сапында өнер көрсетіп, Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына қатысқан Келбет Нұрғазинаны жоғалтып алғандар көп. Дзюдодан 2006 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, самбодан жасөспірімдер мен жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегерімен жақында жолығып, емен-жарқын әңгіме құрған едік.

Балалар спорты тегін болады

– Келбет, осы күні мемлекеттік қызметте жүр екенсіз. Осы туралы толығырақ айтсаңыз...

– Спорттық карьерамды аяқтаған соң, спортқа жақын салада қызмет етсем деген ойым болған. Бұл саладан алыстағым келген жоқ. Қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінде еңбек етемін. Оның ішінде Бұқаралық спорт деген басқарма бар.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

– Президенттің өзі бұқаралық спортқа көбірек көңіл бөлу керек деп жатыр. Осы бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазір бір үлкен деңгейдегі бағдарламаны қолға алып жатырмыз. Мектепке дейінгі және оқушыларға спорт үйірмелеріне қатысуды тегін ету. Бұл – Аружан Саинның көтерген мәселесі. Мамырға дейін қабылданады деп отырмыз. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Яғни 6-18 жасқа дейін балаларға спорт тегін болады.

Отбасы жайлы

– Бейжің Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шықтыңыз. Өзіңіз Арқа өңірінің тумасысыз. Оңтүстікке келін болу қаншалықты қиынға соқты?

– Мен Қызылорда облысының келінімін. Оңтүстікке дәстүрге қатты мән береді. Келіннің өз орны бар. Өзіңіз білесіз, Арқа қыздарының мінезі кішкене «шатақтау» келеді. Ол жаққа барып сәлем салуды үйрендім. Жалпы, Қарағанды облысында кездесе бермейтін, ұмытыла бастаған дәстүрлерді Қызылордаға келін болып түскен соң білдім. Алғашында қиындықтар болды. Ата-анам жақсы адамдар, түсіністікпен қарады.

Сосын дүниеге алғашқы сәбиімді әкелген соң, қайта күрестім. Маусым айында босанып, тамызда жаттығуға кірісіп кеттім. Қараша айында Қазақстан чемпионатында күресіп, финалға дейін жеттім.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

– Атаңыз Нұрғазы Арқа өңіріне белгілі әнші болыпты. Сіздің бойыңызда ондай өнер жоқ па?

– Бойымда ешқандай өнер жоқ. Ондай қасиет дарымаған екен.

Спортқа келу жолы

– Жалпы, спортқа қалай келдіңіз?

– Мен 4-сыныпқа дейін Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында оқыдым. Одан кейін Қарағанды қаласына көшіп кеттік. Алғашында спорттық гимнастикаға барғанмын. Ешкім мені спортқа ертіп апарған жоқ. Өзімнің спортқа деген қызығушылығым болды. Осы күні 4-сыныптың оқушысы мен секілді өзі барып, спорт үйірмесіне жазылатынына күмәнім бар.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

Ал күресті самбодан бастадым. Мені баптаған Жасұлан Байшолақов болатын. Атақты ағайынды Байшолақовтардың төртіншісі. Ол кісінің еңбегі зор. Ондай бапкер қазір жоқ шығар. Сенбі-жексенбіге қарамай, мені шақырып алып, жаттығуды жеке жасататын. Осы күні дзюдо құрамасында жүрген Жансай Смағұлов секілді жас балалар қарсылас болып тұратын. Солармен күрестіріп қоятын. Олардың салмағы сол кезде 50-55 келі шығар.

– Дзюдоны қалай бастадыңыз?

– Негізі екеуін қатар алып жүрдім. Әрине, алғашқыда самбодан Қазақстан чемпионатын ұттым. Одан кейін Азия мен әлем чемпионаттарына бардым. Самбодан жасөспірімдер және жастар арасында әлем чемпионы болдым. Ересектер арасында екі рет қола жүлдегер атандым. Сосын кейін көбіне дзюдоға мән бере бастадым.

 Бейжіңдегі Олимпиада ойындары

 – Сіз дүниеге келген Жаңаарқа ауданы – балуандар елі. Марқұм Қанат Байшолақовтардан бастап, қаншама атақты спортшылар шықты. Алды әлем чемпионы атанған. Жалпы, кейбір деректерге көз жүгіртсек, КСРО кезінде 80-ге жуық спорт шебері болған. Бірақ бірде-біреуіне Олимпиадаға қатысу бақыты бұйырмаған екен. Өзіңіз тарихтың жаңа парағын аштыңыз...

– Жаңаарқа ауданы тарихында Олимпиадаға қатысқан алғашқы спортшы екенімді білмеппін. Олимпиада деген – спортшы үшін ең үлкен жарыс. Жолдама алған кезімде толқу да, қуаныш та болды. Тек жүлде бұйырмағаны өкінішті. Дайындығым жақсы болған. Бейжіңге Талдықорғанда дайындалдық. Ол кезде ұлттық құраманың бапкері Қанат Байшолақов ағайымыз еді.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

– Бейжіңде жеребе оңай болмады. Алғашқы белдесуде-ақ Олимпиаданың күміс жүлдегері – француз қызы Фредерик Шанталь Жоссинемен кездесуге тура келді. Сол кезде ешкім үміт күтпеген болар?

– Қанат Сайранұлының (Байшолақов – авт) бір ерекшілігі, қандай жеребе болса да үнемі маған сенетін. Сол сенімділігі маған күш беретін. Жеребе анықталған соң, арқамнан қағып, «ештеңе етпейді, ұтасың» деп айтты. Бұл балуанмен Олимпиаданың алдында екі ай бұрын бірге жаттыққанбыз. Испанияның Барселона қаласында оқу-жаттығу жиыны өтті. Қанат ағай сол Фредерик Жоссинемен күрестіре беретін. Мен оған ашуланатынмын. Жасы үлкен, 1975 жылы туған балуан. Денесі әбден қатып қалған. Соның нәтижесі бекер болмапты.


– Фредерик Жоссинеге қарсы қандай әдіс қолдандыңыз?

– «Боковой переворот» деген әдісті қолдандым. Ол әдісті осы күні алып тастаған. Барселонадағы оқу-жаттығу жиыны кезінде де сол әдіспен бір құлатқаным бар еді.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

– Одан кейін келесі кезеңдердің бірінде қарсыласқа есе жібердіңіз. Барлық эмоция бірінші белдесуде кетіп қалды ма?

– Екінші белдесуде Ханату Уэлого деген Буркино-Фасодан келген қызды жеңдім. Үшінші қарсыласым – солтүстіккореялық балуан еді. Негізі одан жеңілемін деп ойламадым. Жақсы көңіл күймен шыққанмын. Әдіс қолданып жатқанда иығымды ауыртып алып, содан кейін күресім жүрмеді. Әйтпесе, оны да айналып өтуге болар еді.

– Күресте бір салмақтың барлық белдесуі бір күнде өтеді. Осы жағы спортшыға қаншылықты қиындық тудырады?

– Негізі солай дұрыс деп ойлаймын. Самбода күресіп жүргенде кешке қарай салмақ өлшейді де, ертеңінде күреседі. Қазір дзюдода солай. Салмақ өлшегеннен кейін тамақ ішіп, босап қаласың. Бірден салмақ өлшеп күрескен дұрыс.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

Бірге күрескен қыздар қайда жүр?

 – 2008 жылы Олимпиада ойындарына дзюдодан Қазақстан қыздар құрамасы жеті салмақтың алтауында барыпты. Мұндай көрсеткіш бұрын-сонды болмаған...

– Менен бөлек, Шолпан Қалиева, Гүлзат Оралбаева, Жанар Жанзунова, Сағат Әбікеева, Гүлжан Исанова секілді қыздар барды. Сол кездің құрамы мықты болды. Қазір айтсам, мақтанғандай көрінемін. «Алтын құрам» деуге келеді. Сол құрамдағы қыздар көптеген жарыстан жүлделі оралып жүрді. Әлем кубогы, құрлықтық біріншіліктерден жақсы нәтижелер көрсетті.

– Сол кездегі құрамадағы қыздардан кімдермен араласып тұрасыз?

–Гүлжан Исанова, Шолпан Қалиева, Жанар Жанзунова – барлығымен араласып тұрамыз.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

– Алғашқы екеуінің немен айналысып жүргенін білеміз. Ал Жанар көрінбей кетті...

– Ол Бейжің Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шықты. Сосын балалы болған соң, қайтып күрескен. Бірақ Қазақстан чемпионатында ұтылып қалды да, спортты аяқтады. Кейін Қызылордада спорт-интернатта жұмыс істеді. Ал қазір Тараз қаласында тұрады. Өйткені жолдасы сол өңірден.

– Ал басқа қыздар қайда?

– 57 келіде күрескен Гүлзат Оралбаеваны қазір көп ешкім еске алмайды. Бейжіңге 19 жасында қатысты. Құрамадағы ең жасы болатын, 1989 жылы туған. Жастарда жүріп, ересектер құрамасындағылардың бәрін ұтты. Арасында Нұргүл Тағаева деген 57 келідегі құраманың көшбасшысын да орнынан ығыстырды. Талантты қыз болатын. Олимпиада ойындарында бірінші белдесуінде жеңіліс тапты. Негізі потенциалы мол, карьерасын жалғастырғанда біраз жүлделер әкелер еді. Олимпиададан жарты жыл бұрын анасы қайтыс болды. Біраз қиналып қалды. Бейжіңнен кейін оқуға түсті, тұрмыс құрды. Сөйтіп, спорттан алыстап кетті. Ешкіммен байланысы жоқ.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

78 келі салмақ күрескен Сағат Әбікеева осы күні Теміртау қаласында ескек есу спорт мектебінде директор.

Бұйырмаған бақ – Лондон Олимпиадасы

– Спортқа қайта оралғаныңызда 52 келіде күрестіңіз. Сол кезде Қазақстан құрамасында бәсекелестеріңіз кімдер еді?

– Мөлдір Болатбекова деген қыз болған. Бірақ ол ұзақ жүрмеді. Сосын Линара Мингазова болды. Ол бірақ 57 келіге ауысып кетті. Кейін мен спорттан кеткен соң, ол қайтып 52 келіге оралды. Жалпы, бір салмақта ұзақ жүрген дұрыс емес. Дер кезінде салмақ ауыстырып тұрған дұрыс. Бейжің Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шықпай, жаңа салмақта тағы бір цикл күресуге де болар еді...

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

– Лондон Олимпиадасына қатты барғыңыз келгенін білемін. Бірақ соңғы мүмкіндігіңіз – Ташкенттегі Азия чемпионатында жеңіске жете алмадыңыз. Осы туралы айтып өтсеңіз.

– Мен ол кезде 52 келіде күресіп жүрдім. Өзбекстанда Рима Бердіғұлова деген өз елінің №1 балуаны болатын. Біраз жарыстардан жүлде алып жүрген. Ширек финалда екеуміз күрестік. Римма Бердығұлова жақыннан күрескенді жақсы көреді. Оны шыға салып бірден вазариға тастадым. Сол кезде бір саусағым сынып кетіпті. Оны төреші байқап қалып, дәрігер шақырды. Дәрігер кездесуді әрі қарай жалғастыра алмайтынымды айтты. Сөйтіп, амалсыз жарыстан шығып қалдым. Әйтпесе, жеңіп тұр едім...

– Біраз уақыт күреске қарай алмай кеткен боларсыз?

– Иә, теледидардан да қарамай жүрдім. Алайда адамның ішкі жан-дүниесі маза бермейді екен. Біразға дейін ішімде бір ой маза бермей жүрді. Яғни өз мақсатыма соңына дейін жетпегендей сезім болды. Негізі жасым да ол кезде қартайып тұрмаған. Бар-жоғы 26-да екенмін. Мысалы, бокста, еркін күресте қыздар 30-ға дейін жүре береді. Ал дзюдода патриархаттық бар. Қыздарға «не істеп жүрсіңдер, ертерек отбасың құрып, тұрмысқа шығыңдар» деп жиі айтылады. Үнемі ести берген соң, көздеріне күйік болмай, кетейін деп ойлайсың. Әйтпесе, 32-33 жасқа дейін күресуге болар еді.

Легионер тартқан қаншалықты дұрыс

 – Сіз өнер көрсеткен 48 келіде осы күні құрама көшбасшысы моңғолиялық Отгонцэцэг Галбадрах. Сырттан легионер тартуға деген көзқарасыңыз қандай?

– Егер қыздармен бірге жұмыс істеп, жас балуандар одан көп нәрсе үйреніп жатса, пайдасы бар. Бірақ, менің естуімше, ол құрамада жеке бапкерімен бір бұрышта жаттығады екен. Бұл дұрыс емес.

– Галбадрахтың Токио Олимпиадасында жүлде алуға қаншалықты мүмкіндігі бар?

– Дәл қазір тап басып айту қиын. Пандемиядан кейін күрескенін көрген жоқпын. Жарақаты бар секілді. Тек бір-екі жарысқа қатысқаннан кейін шама-шарқын байқауға болады.

«Еуропалықтардың күресі ұнайды»

 – Осы күні әлемде 48 келідегі мықтылардың бірі украиналық Дарья Белодед болып тұр. Бұл спортшының бойының ұзындығы көп артықшылық береді дейтіндер бар. Бұған не айтасыз?

– Шынымен, бойдың ұзын болуының артықшылықтары жетеді. Жапондықтардың бойлары аласа келеді. Алайда жылдамдық, техникалық шеберлік жоғары. Еуропалықтар бойларының ұзындығын, физикалық қабілеттерін тиімді пайдаланады.

– Галбадрахты есепке алмағанда қыздар құрамасы әлемдік Гран-при, Гранд-слэм турнирлерінде жиі жеңіліске ұшырап жатады. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Мен құрамада болған жылдардағы қыздар шынымен мықты еді. Әрі ішкі атмосфера жақсы болатын. Бір-бірімізге жақсы қолдау көрсететінбіз. Ауызбіршіліміздің жоғары деңгейде болуы да көп рөл ойнады-ау деп ойлаймын. Қазір құрамада сол жағы жетіспейтін секілді көрінеді. Оның үстіне, жастардың көзқарасы басқаша. Бұрын патриоттық сезім жоғары, өлсем-тірілсем де ұту керек деген ой тұратын.

Дзюдо күресі әлемде барлық мемлекетте жақсы дамыған. Ерекше риза болатыным – Еуропа елдері. Бұрын жапондар өздерінің төл күресінен алтындардың басым көпшілігін алып кететін. Ал қазір жағдай өзгерді. Еуропалықтар техникалық шеберліктері жоғары болмаса да, мінез көрсетіп, физикалық артықшылықтарын тиімді пайдаланып, осы күні жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

– Өзіңізге қай балуан ұнайтын еді?

– Өзіме Ан Гым Э деген солтүстіккореялық балуан ұнайды. Ол 52 келіде күресті. Бейжіңде күміс алса, Лондонда чемпион атанды. Бір қызығы, Солтүстік Корея балуандары жыл бойы болатын турнирлерге келмейтін. Тек лицензиялық жарыстаға қатысып, жолдама жеңіп алатын. Ол кезде Олимпиадаға қатысу жүйесі басқа болды ғой. Сосын Олимпиадада атой салатын. Соған таңғалатынмын.

«Жеке бапкерім өз қалтасынан 100 доллар беріп тұрды»

 – Спорттық карьераңыздағы басты жетістіктердің бірі ретінде 2006 жылғы Азия ойындарындағы қола жүлде болды ғой...

– Дзюдо күресінен ең басты жетістіктерімнің бірі – Дохадағы Азия ойындарының қола жүлдесі. 2005 жылы Ресейдің Красноярск қаласында өткен әлем кубогында жүлде алғанмын. Мәскеудегі Гран-приде күміс жүлде иеленгенмін.

– Қазір спортшыларға қолдау жақсы екені түсінікті. Ал сіздерде ондай мүмкіндік аз болды ғой...

– Спортшыларға қазір толық жағдай жасалған. Мен алғаш карьерамды бастағанда ешқандай жалақы да болған жоқ. Тек жеке бапкерім Жасұлан Байшолақовтың еңбегі зор. Менің потенциалымды көріп, ағаларына, барлығына мені мақтап жүретін. Ол кезде ешқандай жалақы болмаса да, өз қалтасынан төлейтін. 2003 жылдары 100 доллар беріп тұратын. Өйткені витамин, тағы басқа керек-жарақтарды алу үшін ақша қажет еді.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

Қанат Байшолақовтың өмірден өткеніне 10 жыл

 – Биыл 5 ақпанда Қанат Байшолақовтың өмірден өткенін 10 жыл толды. Сіздің спорттық карьераңызға ерекше үлес қосқан ағайынды Байшолақовтардың үлкенінің қазасын естігенде қандай көңіл күйде болдыңыз?

– Бейжің Олимпиадасынан кейін Қанат ағайды ауыстырды. Ол кісі көп жыл құрамада жүрді. Бұл жағдай да ауыр тиген секілді. Бір сөзінде Талғат Сайранұлы содан да көңіл күйі болмаған деп айтып еді. Әбден командада жүріп үйренісіп қалғаны әсер етті-ау. Қазасын естігенде шок болдым. Қаншама жыл бірге жүрген, көз алдымдағы ағайымыздан айырылып қалуымыз оңайға соқпады. Бірден Жаңаарқаға ұшып бардым. Ол кезде Қызылордада тұратынмын.

– Қанат Байшолақовтың бапкер ретінде қандай ерекшеліктеріңіз айта аласыз?

– Өте сезімтал бапкер еді. Балуандармен қайсысымен қалай сөйлесу керектігін білетін. Біреуге ұрысып айтатын, біреуге алдап, күліп тұрып түсіндіретін. Қыздар спортының өз ерекшілігі бар. Ұлдар секілді басынан бір қойып, істете алмайсың. Бір қырсығып қалса, қиын. Осы жағынан Қанат ағайымыз дұрыс жол таба білді.

«Нағыз керемет жылдар спортта өтіпті...»

 – Елордаға қоныс аударуыңыздың себебін айтсаңыз?

– 2015 жылы осында өткен әлем чемпионатын көруге келдім. Сол кезде бапкерлермен сөйлестім. Оның үстіне, жолдасымның қызметі де ауысты. Алғаш қоныс аударғанымда Дзюдо федерациясында вице-президент болған Марат Мықтыбеков, Айсұлу Серікқызы қолдау көрсетті.

Атақты француз балуанын 24 секундта жеңген қазақ қызы

 – Өткен күндерге сағыныш бола ма?

– Жарыс, оқу-жаттығу жиындарынан спортшы шаршайды ғой. Енді күреспеймін деп қолды бір сілтеп кетіп қалғың келетін кездер болады. Сонда Талғат Сайранұлы (Байшолақов – авт) «өмірдегі ең күшті кезең спорттағы жылдарым ғой» деп еске аласың деп еді. Шынымен де солай екен. Нағыз керемет жылдар спортта өтіпті. Басың бос, тек жарыс пен жаттығудан басқа ештеңе ойламайтын армансыз кездер...

– Максим Раковтың Парижге бес рет барып, Эйфель мұнарасының алдында суретке түспегенмін деп айтқаны бар. Сізде ондай жағдайлар болды ма?

– Мен де Парижге барғанда неге Лувр музейіне бармадым екен деп өкінемін. Тек қонақ үйде жата беріппіз. Сондай өкініштер болады.

– Қаншама жыл құрамада жүрдіңіз, қандай қызықты оқиғалар есте бар?

– Германияға бір жарысқа барғанбыз. Гамбург қаласында өткен турнир. Жастар құрамасынан ересектер қатарына енді өткен кез. Үнемі жарысқа барарда жеке бапкерім Жасұлан Байшолақов қазы, ет пісіріп әкеп беретін. Әкем секілді қамқорлық көрсететін. Сөмкеме қазы тураймын деп ашылып-жабылатын пышақ алып алғанмын. Сол пышағым Германияға дейін аман-есен жетті. Тек қайтарда ұсталып қалдым. Сөмкелерді тапсырып, әуежайда отырғанбыз. Нұрғазина деп екі полиция қызметкері іздеп келді. Қанат ағайым бірге барды. Маған түсініктеме жаздырып, фотоға түсірді. Сөмкемнен пышақты алып шығып, 200 еуро айыппұл салды. Сол кезде мұндай пышақ неге ұстап жүрсің деп Қанат Сайранұлы айғайлап еді. Ондай қызықты жағдайлар өте көп.

 Маманнан кеңес

  – Бапкер спортшымен жеке жұмыс істеуі керек. Мен дзюдоға кеш келгенмін. 2003 жылы бастадым. Жасұлан Байшолақов 2003 жылдан 2008 жылға дейін бес жылдың ішінде Олимпиадаға қатысатын деңгейге жеткізді. Сенбі-жексенбіге қарамастан шақырып алып, дайындай беретін. Күннің суықтығы, каникул дегенге қарамайтын. Кейін бапкерімнің өзінде аздаған «жұлдыз ауруы» басталды. Өзіне де айтқанмын. 2004 жылдан бастап барлығын ұта бастадым. Алдымен самбодан жастар арасындағы Қазақстан, Азия, әлем чемпионатында топ жардым. Сосын дзюдоға келдім де, бір жылдың ішінде Мәскеуде Гран-приде екінші орын алдым. Одан кейін жазғы Азия ойындарында қола жүлде еншіледім. Соған тоқмейілсу болып, менімен жеке жаттығу азайды. Оның бәрі алдағы нәтижелерге әсер етті. Кейін Жасұлан ағайым бапкерліктен кетіп қалды. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында әр бапкер әр түрлі ақыл айтады. Ол дұрыс емес. Спортшымен жеке бапкері жұмыс істеуі керек. Елдос Сметовте нәтиже болып жүргендігі сондықтан. Ғалымжан Жылгелдиев қасынан қалмай, күндіз-түні бірге жаттығады. Қазір құрамада қыздардың нәтижесінің төмен болуына сол да себеп. Олар жаттығу жиындарына барады. Әр бапкер әртүрлі айтады. Содан бастары қатып жүреді...

Фотолар Instagram-дағы Sport_alemi7 парақшасынан алынды

Өзгелердің жаңалығы