Конституциялық комиссия отырысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы Анар Фазылжан Ата Заңның орыс тіліндегі мәтінінде Ұлттық құрылтай және Халық кеңесі атауларын қазақ тілінде қалдыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ата Заң жобасын қазақ және орыс тілдерінде өз алдына бір мезгілде әзірлеу ұсынысын қолдаймын. Осы орайда Конституцияның орыс тіліндегі мәтінінде Ұлттық құрылтай және Халық кеңесі атауларын қазақ тілінде жазуды маңызды деп санаймын. Себебі заң шығару бастамасы, құқығы бар ең жоғарғы өкілетті органдардың атауы қоғам санасында бір тілде, бір ұғымда қалыптасуы қажет, - деді Анар Фазылжан.
Ол мұндай тәжірибе қазіргі жағдайда да бар екенін жеткізді.
Мысалы, төменгі палата Мәжіліс атауы мемлекеттік тілдегі нұсқада қолданылып келе жатыр. Сондықтан осы үрдістің жалғасы ретінде Ұлттық құрылтай және Халық кеңесі атауларын басқа тілдердегі аудармасыз қазақ тіліндегі нұсқада бекіту қисынды деп санаймын, - деді Тіл білімі институтының басшысы.