Алматы, BAQ.KZ. Ата Заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады, қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы күнтізбе халқымыздың тарихи тұлғаларымен және оқиғаларымен тығыз байланысты айрықша даталарға толы. Әлем таныған ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақтың данасы – қара өлеңнің киесі Абайдың 175 жылдығы, Ата заңымыздың 25 жылдығы еліміздің рухани өміріндегі ерекше белес ретінде атап өтілуде.
Осыдан 25 жыл бұрын, 1995 жылғы бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, жаңа дәуірге қадам басты. Бұл жайында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» деп жазған еді «Қазақстан жолы» атты еңбегінде, - дейді депутат.
Сонымен қатар, ол негізгі Заңымыз мемлекет пен қоғамда болып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформаның іске асуына, дамуына тікелей ықпал етіп келе жатқанын баяндады.
Ширек ғасыр ішінде заман ағымына орай Конституциямызға біршама толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Соның бірі – билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер қайта бөлініп, оның бірқатарының Үкімет пен Парламентке берілуі. Әкімшілік және құқықтық реформалар, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, әлеуметтік жаңғырту – мұның бәрі берік конституциялық негізде жүзеге асырылуда және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі ұлғайтуға бағытталған. Қазақстан ТМД-да бірінші болып посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ салық, зейнетақы реформасын жүргізді. Жекеменшік секторды дамыту және жаңа иелердің пайда болуы үшін тың мүмкіндіктер ашылды, - дейді ол.
Еркіндік, теңдік пен татулық мұраттарынан құралған Ата Заңымыз азаматтардың құқықтары мен бостандықтары теңдігінің сақталуына және қорғалуына негіз болып, халықаралық қарым-қатынастарда еліміздің абыройының өсуіне жол ашты, қоғамды ұйыстырып, елдегі азаматтар арасындағы татулықты, бейбітшілік пен келісімді, елдің ынтымағын нығайтуға тың серпін берді.
Мемлекеттік саясат және халық бірлігінің арқасында қол жеткен Қазақстанның барлық жетістіктері – Конституцияның және соның негізінде қабылданған заңнаманың жемісі әрі нақты нәтижесі.
Бейбітшіліктің, жасампаздық пен дамудың жаңылмас жарғысы болған Негізгі Заңымыз – біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауы. Конституцияның жасампаздық әлеуеті алдағы кезеңде де барша қоғам мүшелерін бір мақсатқа жұмылдыруға кең жол ашары сөзсіз. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігіміздің алтын арқауы – Ата Заңымыздың айбыны арта берсін!, - дейді Дүйсенғазы Мусин.