Ата Заңымыз – басты бағдарымыз

30 Тамыз 2020, 19:45
1423
Бөлісу:
Ата Заңымыз – басты бағдарымыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүкіл әлемнің айылын бір-ақ сәтте жиғызған, күллі елді тәубесіне бір-ақ сәтте келтірген, жұмыр жердің бар пендесін «бидайдың қауызына» сыйғызған, сынағы мен сұрағы, күдігі мен күмәні көп, дүбірлі дүниенің дүрмегі жаппай адамзат баласын жабырқатып отырғаны бәрімізге белгілі.

Осынау сынақты сәт пен өлшеулі уақытта әр мемлекет, әрбір ел өздігінше шаралар қолданып, барынша сақтанып, халқын аман алып қалуға тырысып жатыр.

Атақты жазушы, кемеңгер Мұхтар Омарханұлы Әуезов бір сөзінде былай деген екен: «Қай істің болсын, өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек».

Күнделікті тірлікте дастархан басында бата қайырғанда, өзгеге тілек айтқанда сөзінің соңы «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп аяқталатын халқымыздың ниеті де, дархан көңілі де, кең пейілі тек еліміздің амандығы мен бейбіт заманымыздың тыныштығына бағытталғандай еді.

Осы орайда бар ниетімен, ынта-ықыласымен жұрт боп жұмылып, бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарған еліміз бар күшін сарп етіп, бар ерік-жігерін осы «көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын» жаумен арпалысуға жұмсады.

Ал, академик айтып өткен үшінші шарт – тәртіпті ұйымдастыруға, жұмылдыруға бұл ретте бізге мемлекетіміздің басты құжаты – Ата Заңымыз бағдар бере білді.

«Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен Пифагор. Атақты математиктің сөзінің жаны бар. Бұрынғы ғасырларда қазақ халқының тарихында жазылмаған дала Заңдарының түп негізінде қазақ халқының салт-дәстүрі, тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы жатыр. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның Қасқа жолы», әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» заңдарының бәрі салт-дәстүрімізбен сабақтасып жатыр.

Демек, адамды да, қоғамды да, мемлекетті де тұтастық пен бірлікте, тәртіп пен тыныштықта ұстайтын Заңның орны ерекше. Жоғарыда аталған тарихымыздағы Заңдарымыздың жалғасы болған Ата Заңымыз халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, менталитетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына сәйкес өмір сүруге, әрекет етуге мүмкіндік беретін бірден-бір құнды дүние.

Сол үшін де бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Заңымыз бүкіл елдің игілігіне, мүддесіне жұмыс жасап келеді.

ҚР Конституциясы – еліміздің ішкі-сыртқы жағдайларында, саяси-экономикалық, халықтың әл-ауқатын көтеруде, мемлекет ретінде тұтастық пен тұрақтылығын сақтауда ең жауапты құрылым. Заңы қуатты мемлекеттің ғұмыры да ұзақ болады. Заң бар жерде тәртіп бар. Тәртіп бар жерде тыныштық орнайтыны түсінікті. Әйтпесе, халқы тәртіпке бағынбаған, Заңын ескермеген әлемнің талай елінде болып жатқан түрлі қайшылықтар мен қақтығыстар, саяси араздық пен азғындықтар соның дәлелі.

Ең әуелі Ата заңымыз халқымыздың ішкі тұрақтылығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бірлігін нығайтуға барынша ықпал етіп отыр. Соның негізінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Еліміздегі 130-дан аса ұлтты айрандай ұйытып, татулық пен ынтымақта өмір сүруге жұмылдырып отырған бірден-бір күш – осы Тәуелсіздігіміз бен Ата Заңымыз.

Сондай-ақ, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері шет елдермен экономикалық және мәдени байланыс орнатып келеді. Әлемнің үздік компанияларын, кәсіпкерлерін елге тарту заңнамалық тұрғыда жолға қойылған. Түрлі алым-салықтардан босату секілді жеңілдіктермен шетел инвестициясын елімізге тартып жатырмыз. Инвесторлар мемлекеттің ішкі заңының тұрақты болуын, сенімділігін көздеп келеді. Сол тұрақтылық біздің мемлекетімізде бар.

Сонымен қоса, айтып кететін бір жайт, Ата Заңымызда ой еркіндігі, сөз бостандығына жол берілуі. Сол үшін Қазақстан демократиялы мемлекет ретінде әлемге танылып үлгерді. Кейбір мемлекетте мұндай бостандыққа шектеу қойылғаны белгілі. Бұл да болса «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақтың даналық сөздерінің көрінісі десек, екінші жағынан Заңымыздың салт-дәстүрімізбен сабақтасып жатқандығының дәлелі.

Қорыта айтқанда, белгілі философ, ойшыл Платон айтқандай, «Заңнан ақылды болудың қажеті жоқ».

Адамдардың құқығын қорғауда, өз Отанында дұрыс өмір сүріп, дамуына, мемлекеттің барлық игіліктері мен мүмкіндіктерін пайдалануға Ата Заңымыз қалай қол созып, жол көрсетсе, әрбір азамат сол жолды құрметтеуге, бағынуға, қадірлеп-қастерлеуге, сол жолды былғамай таза ұстауға міндетті әрі Отан алдындағы парызы деп айтар едім.


Гүлімжан Молдраймова, 

                               «Шұғыла» комьюнити орталығының әдіскері

Өзгелердің жаңалығы