Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұңғыш Президент күніне орай еліміздің барлық қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобында мың бір домбыра үні күмбірледі.
«Нұрлы жол» вокзалында елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің жас домбырашылары Құрманғазының ең атақты үш туындысы – Сарыарқа, Балбырауын және Адай күйлерін орындады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік марафон барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде дәстүрлі «Ұлы дала марагерлері» флешмобынан бастау алды.
Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары оңтүстік астананың «Апорт молл» ойын-сауық орталығы келушілеріне тамаша көңіл күй сыйлады.
Дәстүрлі флешмобқа алғаш рет қатысқан Богдан Миронов күйді ерекше шабытпен орындаған.
Домбыра тартуды Назарбаев Зияткерлік мектебіне 7-сыныпқа түскен сәттен бастап үйрендім. Оркестр құрамына биыл қосылсам да, бірнеше күй білемін. Бүгінгі орындалған шығармалардың ішінде маған Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйі ерекше ұнайды, - дейді жас домбырашы.
Ақтаулық «Ұлы дала мұрагерлері» Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында өнер көрсетті.
Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскен әрбір жетінші сынып оқушысы міндетті түрде қолына домбыра алады. Ата-аналарымыздың біздің дәстүрлі флешмобымызға қолдау танытқанына қуаныштымыз, – деп атап өтті «Қос перне» домбыра клубының жетекшісі Гүлсім Тәжмағамбетова.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобына мыңнан астам жас виртуоз қатысты.
NIS-те бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан домбыра бойынша элективті курстар мен «100 күй» мәдени жобасы оқушылардың халық тарихына, оның дәстүрлері мен рухани құндылықтарына деген қызығушылығын арттырады.