Ата-аналардан каникулға шыққан балаларды қатаң бақылауға алуды сұраймыз – ТЖД

25 Мамыр 2021, 16:27
3104
Бөлісу:
Ата-аналардан каникулға шыққан балаларды қатаң бақылауға алуды сұраймыз – ТЖД

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Балалар бүгіннен бастап жазғы демалысқа шықты. Осыған байланысты қаладағы ата-аналардан балаларды ерекше бақылауда ұстауды сұраймыз. 

Бұл туралы Алматы қаласы төтенше жағдайлар Департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков онлайн брифингте айтты.

Жиын барысында жазғы демалысқа шыққан балаларды қатаң бақылауға алу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар баланы судан және оттан қорғау бойынша кеңестер берді.

Бір қуаныштысы жыл басынан бері қалада адамдардың суға батып кеткені туралы дерек тіркелген жоқ. Оған 2020 жылы арнайы жүргізілген алдын алу шараларының септігі тиді. Дегенмен құтқарушылар Сайран көлінде төрт адамды құтқарып алды, - деді ол.

Оның айтуынша, қала аумағында 26 су қоймасы бар және 28 шағын өзен ағып өтеді. Арнайы шомылуға рұқсат берілген 4 орын бар екен. Олар Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналындағы Баума және Гүлдер демалыс орны. Сондай-ақ Сайран көліне суға түсуге рұқсат берілген.

Қазір Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналында су жоқ. Биыл ол жерге су жіберілмейді деп жоспарлануда, өйткені жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Сайран көлінде Алматы қаласының құтқару қызметі маусымдық кезекшілікте болады, - деді Әлібеков.

Өзгелердің жаңалығы