Атырауда балаларын жеке мектепке берген бір топ ата-ана шу шығарды. Олар оқу ақысы үшін төлеген милиондарын қайтара алмай жүр. Сапалы білім беруге уәде берген білім ошағының жауаптылары нысанды жауып, жұмысты орта жолда қалдырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайрат Аленов Еркінқала ауылдық округінің тұрғыны. Сол жердегі мектептен 8 және 9-сыныпта оқитын екі баласын шығарып алып, қаланың қақ ортасындағы жеке мектепке берген. Жарнамасы желіні жарған мекемеге сеніп, балаларының білімі, болашағы үшін 2 млн теңге ақша төлепті. Кейін сабақтың мардымды өтпейтінін естіген. Сонан соң мектеп мүлдем жабылып қалыпты.
Бізге әу баста елдің түкпір-түкпірінен білікті мамандар келеді. Балаға жоғары деңгейде сапалы білім береді деп уәде берген. Көлікпен алып кетеді деді, тамақпен қамтамасыз ету керек болған. Қосымша үйірме, сабақтардың бәрі ішіне кіретін. Яғни таңертеңнен кешке дейін бала толық бақылауда болады, уақыты жоспарланған болады деп сендірді. ҰБТ тапсыру оңай болады, түрлі олимпиадаларға қатысады деп сендік. Кейін ұлдарымды телефон арқылы бақылаймын. Мектептен тыс жерге, дүкенге шығып кете береді. Сөйтсем сабақ дұрыс өтпейді, бақылау жоқ. Ақыры жабылып қалды. Енді біз төлеген ақшамызды қайтарғымыз келеді. Қайта жіберсін бәрін, - дейді тұрғын Қайрат Аленов.
Алғашында мектеп өз жұмысын 200 баламен бастаған. Кейін келушілер саны 400-ден асыпты. Бәрі мектептің жабылғанын естігенде төбелерінен жәй түскендей күйге еніпті. Құзырлы органдардың бәріне шағымданыпты. Бірақ одан пайда шамалы екенін айтады.
Мен өзім баламды желтоқсан айында әкелдім. Бірақ былтыр қыркүйектен бері жүрген ата-аналар көп. Олардың бәрі 1 жылдық ақыны төлеген. Тіпті "екінші жылды төлесеңдер, белгілі бір мөлшерде жеңілдік болады" дегесін, оны да аударып жіберіпті. Осы жылы қаңтарда сабақтың болмай жатқанын білдік. Келіп сұрадық. Меңгеруші бізге "балаларыңды әкете беріңдер, сабақ болып жатқан жоқ" деп мойындады. Сол жерде полиция шақырдық. Бірақ директор да, ешкім келген жоқ. 6 мұғалім жұмыстан шығып кеткен. Полиция департаментіне арыз жаздық. Әзірге еш жауап жоқ, - дейді ата-аналардың бірі Назира Ерсайынқызы.
Бұл жағдайға қатысты мектеп құрылтайшысы әрі директоры Максим Қабиевтен сұхбат алуға тырыстық. Алайда жауап беруден бас тартты. Жазбаша хабарламасында алдағы бір айда қарыздарды біртіндеп қайтаратынын айтқан.
Бұған дейін жиналыс өтті. Әр атанаға кесте беріледі. Қарызды алдағы 1 ай көлемде қайтара бастаймын. Ата-аналар бәрін бірден алғысы келеді. Бірақ ондай мүмкіндік жоқ, - дейді "Lets School" мектебінің директоры Максим Қабиев.
Айта кетсек, "Lets School" мектебінен бөлек құрылтайшы Атырау қаласында 4 оқу орталығын ашқан. Ол нысандар жұмысы да тоқтап тұр. Одан өзге бұл бизнеспен Маңғыстау облысында да табыс таппақ болыпты. Осыдан екі ай бұрын Ақтау қаласының 200 тұрғыны да ақшаларын ала алмай жүргендерін айтып шу шығарды. Прокуратураға жиналып, талаптарын тізді.
Атыраудағы орталықтарда қызмет еткен 100 шақты мұғалім де еңбек ақысын алмаған көрінеді. Ол мамандар да құзырлы органдарға шағым түсірген.
Ал полиция департаменті бұл фактіге қатысты алаяқтық бабымен тергеу басталғанын хабарлады.
Аталған жағдайға байланысты қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 3) тармағы бойынша "алаяқтық" бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды, - дейді Облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы Дина Мақсотова.
Жеке мектептегі дауға Облыстық білім беру басқармасы бас қатырмайды. "Араласа алмаймыз" деп үнсіз отыр. Ал Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті мектеп ашылғалы бері мекеме жұмысын бақылауда ұстап отыр. Себебі білім ошағы әу баста лицензия алмаған. Құжатқа қол жеткізуге асықпапты да. Сол себепті департамент өкілдері тексеріс жүргізіп, айыппұл салғызыпты.
Мектеп бірде-бір рет лицензия алуға өтініш түсірген жоқ. Біз бірден іс-материалдарын жинақтай отырып, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолдадық. Ол жерде кодекске сәйкес 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бірақ сонда да мекеме лицензия алуға асықпады. Талаптарды бұзып, жұмысын жалғастыра бергеннен кейін екінші мәрте сотқа жолданып, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Кейін де еш нәтиже болмағасын соттың шешімінен мектеп толық жабылды, - дейді Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев.
Әзірге мектеп директорының ата-аналар мен мұғалімдер алдында нақты қанша қарызы бары, оны қашан қайтаратыны белгісіз. Тиісті шара тергеу аяқталған соң ғана қолданылатыны белгілі.
Айта кетсек, Атырау облысында бұған дейін арнайы талаптарды сақтамай, лицензия алмаған 4 мектеп те өз жұмысын тоқтатқан болатын.