Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуды тапсырды, деп хабарлады karaganda-region.gov.kz.
Оның айтуынша, бұл қажеттілік жаңа қалааралық магистральдар құрылысы мен туризмді дамыту шаралары қарқындауына байланысты туындар отыр.
Бүгін аппараттық жиналыста жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны туралы баяндады. Өңір басшысы жаңа магистральдарды салу кезінде инфрақұрылымды дамыту қажеттілігін де ұмытпау керектігін атап өтті.
"Қазір облыста көптеген жол салынуда. Өкінішке қарай, тіпті Астанаға апаратын трассада да инфрақұрылым жоқ. Бұл өте ыңғайсыз. ТКШ, автомобиль жолдары және экономика басқармаларының басшыларына жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Ол жоспар толық болуы тиіс: Балқаш, Жезқазған және басқа да тас жолдардың бойында не болатыны туралы ақпарат болуы қажет", - деп тапсырды Жеңіс Қасымбек.
2015 жылы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бері Қарағанды облысында 470 шақырым автомобиль жолдары жөнделді.
"Орталық-Оңтүстік" көлік дәлізінің учаскесін Ақмола облысының шекарасынан Теміртауға дейін қайта жаңарту аяқталды. Анар-Теміртау учаскесінің 93 шақырымы пайдалануға берілді. Қарағанды-Теміртау жолының учаскелері жөнделіп жатыр, Қарағандыда Солтүстік және Шығыс айналма жолдар аяқталу барысында. Бұл жұмыстарды биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жалпы облыста жергілікті маңызы бар бес шақырым жол қайта жаңартылды. 25 шақырым күрделі жөндеуден өтті. 335 шақырым жолға орташа жөндеу жасалды.
Келесі жылы өңірде 500 шақырымнан астам жол қайта жаңартылады. 10 шақырым асфальт төсемін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Тағы 415 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.
2025 жылға дейін Қарағанды облысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 95%-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр.