- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Астықтан агрохабқа: Қазақстанның ауыл шаруашылығы қалай өзгеріп жатыр?
Астықтан агрохабқа: Қазақстанның ауыл шаруашылығы қалай өзгеріп жатыр?
Қазақстан ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттырумен қатар, шикізатты терең өңдеуге, экспортты ұлғайтуға және су мен технологияны тиімді пайдалануға басымдық беріп келеді. Астықтан бастап тыңайтқыш пен ауыл шаруашылығы техникасына дейінгі бағыттардағы өзгеріс елдің Еуразиядағы ірі агроазық-түлік хабына айналу мүмкіндігін күшейте түсті.
13 Тамыз 2026, 08:46
Қазақстан жаһандық азық-түлік нарығындағы өз позициясын нығайтып келеді. Еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттау көлемін арттырып, оларды өңдеуге басымдық беруде, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді локализациялап, тыңайтқыш өндірудің өзіндік базасын қалыптастыруда. Сонымен қатар ресурстар тапшылығы күшейіп отырған қазіргі жағдайда су үнемдеу технологияларын енгізу аграрлық сектордың тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Қазақстанның аграрлық моделі қалай өзгеріп келеді және Еуразиядағы өсіп келе жатқан нарықтарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде ел қандай рөл атқара алады? Бұл сауалдардың жауабы шетелдік The World Financial Review журналында таяуда жарық көрген материалда жан-жақты айтылады.
Қазақстан жаһандық азық-түлік жүйесіндегі рөлін күшейтіп келеді
Бүгінде әлемдік азық-түлік жүйесі бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерге байланысты халықаралық сауданың маңызы арта түсуде. Өнім өндіру ғана жеткіліксіз, геосаяси ахуал шиеленіскен қазіргі жағдайда тауарды межелі жерге уақтылы жеткізу одан да маңызды. ЭЫДҰ мен FАО болжамына сәйкес, 2034 жылға қарай әлемде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің төрттен біріне жуығы бір елде өндіріліп, басқа елде тұтынылады. Қазақстанның географиялық орналасуы экономикалық артықшылыққа айналып отыр. Еуразиядағы ірі нарықтар арасында орналасуы еліміздің аграрлық секторына Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Таяу Шығыс және басқа да нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан өнім өндіріп қана қоймай, нарықтарды өзара байланыстыруда да маңызды рөлге ие. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ауыл шаруашылығының жалпы өндіріс көлемі $18,2 млрд-тан асып, шамамен 6%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 25,9 млн тонна астық жинады, оның 19,3 млн тоннасы – бидай. Бұл ретте өсімдік шаруашылығының құрылымы біртіндеп әртараптандырылып келеді. Бидай алқаптарының көлемі қысқарып, оның орнына майлы дақылдар, жүгері және басқа да дақылдар егіледі. Өндірілетін дақылдар түрін кеңейту арқылы Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне қажетті шикізат базасын қалыптастырып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға бейілді екенін, сондай-ақ Қазақстанның астық пен әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түлік тауарларын сенімді жеткізуші ретінде әрекет етуге дайын екенін атап өтті.
Қазақстан АӨК экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр
Соңғы жылдары өнімді өңдеу Қазақстанның аграрлық саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды. Мемлекет АӨК өнімдері экспортындағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 50%-дан асады: 2026 жылдың алғашқы төрт айында өңделген агроазық-түлік өнімдерінің экспорты $3,6 млрд-қа жетті. Саланы дамыту логикасы да өзгерді. Енді басымдық өнім көлемін арттырудан оның құнын өсіруге ауысып отыр: маңыздысы – шикізатты өндіріп қана қоймай, оны өңдеу арқылы көбірек табыс табу. Ел Үкіметінің мәліметінше, 2025 жылы осы салада жалпы құны $230 млн-нан асатын 53 инвестициялық жоба іске қосылды.
Қазақстанда қазірдің өзінде жалпы қуаты 510 мың тоннадан асатын астық өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Олар крахмал, биоэтанол және глютен өндіреді. 2029 жылға дейін олардың қатарына жалпы құны $4 млрд болатын тағы алты ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен қосылады. Атап айтқанда, Астана қаласында Tiryaki Agro компаниясының крахмал, глютен және глюкоза-фруктоза шәрбатын өндіретін кәсіпорын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның құны $320 млн доллар деп бағаланады. Тағы бір мысал – жылына 3 млн тонна жүгері өңдеуге қауқарлы Fufeng Group Company Limited компаниясының жұмыс істеп тұрған зауыты. Инвестиция көлемі $1,5 млрд құрайды. Сонымен қатар елімізде құны тиісінше $650 млн және $1,5 млрд болатын Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. және Hopefull Grain & Oil Group компанияларының инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Олар бидай өңдеуге маманданады.
Бұл мысалдар ірі компаниялардың Қазақстанға қомақты инвестиция салып, елдің өңірлік аграрлық хабқа айналуына үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Айта кетейік, азық-түлік өндірісінің көлемі $7,5 млрд-қа жетіп, бір жылда 8%-ға өсті. Басымдықтарға сәйкес, Қазақстанның экспорттық моделі де өзгеріп келеді. Бұған дейінгі тізбек қарапайым түрде «өнім – жеткізу» сипатында болса, қазір оның арасына өнімді өңдеу, дайын өнім шығару, қаптама, маркетинг және логистика сияқты жаңа бағыттар қосылуда.
Қазақстан соңғы бес жылда АӨК өнімдерінің экспортын екі есеге жуық арттырып, $7 млрд-қа жеткізді
Қазақстанның өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі артып келеді. Бұл рөл астық нарығынан да анық көрінеді. Соңғы 11 айда Қазақстан 13,5 млн тонна астық пен ұн экспорттады, бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Оның үстіне, өсімнің негізгі бөлігі көршілес нарықтарға тиесілі. Ауғанстанға экспорт 59%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаға жетті, Қырғызстанға 504 мың тонна өнім жеткізіліп, шамамен 40%-ға артты, Түрікменстанға экспорт 210 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға өсті, ал Өзбекстанға экспорт 37%-ға артып, 5,6 млн тоннаға жетті. Жалпы, қазақстандық фермерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 72-ден астам еліне жеткізеді. Экспорттың негізгі бағыттарына жоғарыда аталған Орталық Азия елдері мен Ауғанстаннан бөлек, Еуропалық Одақ, Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Түркия және Қытай кіреді. Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда АӨК өнімдерінің экспорты екі есеге жуық өсіп, $3,8 млрд-тан $7 млрд-қа дейін жетті.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 22%-ға артты
Қазақстан мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен ғана шектелмей, азық-түлік өнімдерін жеткізудің жаһандық тізбектеріне кірігу. Бұл халықаралық сауданың маңызы артып отырған кезеңде өзекті. FАО-ның бағалауынша, 2025 жылы азық-түлік импортының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,9%-ға өсіп, $2,22 трлн-ға жетті. Бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады: ел ауыл шаруашылығы шикізатын жеткізіп қана қоймай, оны өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару арқылы кірісін арттыра алады.
Осы мақсатта ел Үкіметі бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи техникамен қамтамасыз ету. Бұл ретте әлемдік ауыл шаруашылығы техникасы брендтерінің өндірісін Қазақстанда локализациялауға басымдық беріліп отыр. Елімізде тракторлар, астық және жемшөп жинайтын комбайндар, жаткалар, топырақ өңдеу техникасы, сепкіштер, егіс кешендері және басқа да техника түрлері 2019 жылдан бастап шығарыла бастады.
2025 жылғы сәуірден бастап америкалық John Deere техникасын өндіру іске қосылды. Биыл Еуропа, Канада және Солтүстік Американың тағы бірнеше әлемдік технологиялық көшбасшысы өндірісті локализациялау жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде Қазақстанда түрлі қуаттағы 10 зауыт жұмыс істеп тұр.
Жалпы, 2025 жылы ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 22%-ға артты, ал биыл кәсіпорындар елдегі ауыл шаруашылығы техникасы паркін 10 мыңға жуық бірлікке толықтыруды жоспарлап отыр.
2030 жылға қарай Қазақстан тыңайтқыш экспорттаушы елге айналады
Таяу жылдарда Қазақстан тыңайтқыштардың негізгі түрлері бойынша ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды экспортқа да шығара бастайды. Елде жалпы құны бірнеше млрд доллар болатын заманауи зауыттардың құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы компаниялардың бірі қуаты 1 млн тонна болатын калий тыңайтқыштарын өндірудің алғашқы кезеңін іске қосып, 2035 жылға қарай өндіріс көлемін 12 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Қазақстанның бұл тыңайтқыш түріне деген ішкі қажеттілігі небәрі 100 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар 2030 жылға қарай үш кешенді іске қосу арқылы карбамидке деген сұраныс толық қамтамасыз етіледі. Олардың өндірістік қуаты 577 мың тоннадан 800 мың тоннаға дейін жетеді. Бұған қоса, «Қазфосфат» компаниясы SINOPEC және CNCEC компанияларымен бірлесіп, фосфор тыңайтқыштарын өндіру қуатын 5 млн тоннаға дейін арттыру жобасын әзірлеуде. Оның алғашқы 1 млн тонна аммофос өндіретін қуаты 2029 жылы іске қосылады.
Су үнемдеу технологиялары Қазақстанға жыл сайын 2,2 млрд м³-ге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді
Қазақстанның барлық су ресурстарының шамамен 60%-ын ауыл шаруашылығы тұтынады. Су ресурстарын үнемдеу үшін егіншілерді заманауи суару әдістерін қолдануға ынталандыруда. Бұл ретте аталған технологиялар өнімділікті арттыруға да мүмкіндік береді. Олардың қатарында қажетті инфрақұрылымды салуға жұмсалған шығындарды өтеу, жаңбырлатып суару машиналарын, тамшылатып суару жүйелерін сатып алу және орнату шаралары бар. Бұл шешімдер қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемі 543 мың гектарға жетті. Ал биыл мұндай технологиялар тағы 163 мың гектар алқапқа енгізілуде. Су үнемдеу технологияларын кезең-кезеңімен енгізу жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Су үнемдеу технологиялары саланың климаттың өзгеруіне төзімділігін арттырады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан өнімділікті жүйелі түрде арттырып, жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін кеңейтіп келеді. Соның арқасында елдің әлемдік азық-түлік жүйесіндегі рөлі нығая түсуде. Қазақстан Еуразиядағы ірі агроазық-түлік хабы ретінде қалыптасып келеді және мұндай модель отандық ауыл шаруашылығы дамуының заңды әрі орынды кезеңіне айналуда.
Ең оқылған:
- Жол апатын жасап, Қонаевқа қарай қашқан: Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші ұсталды
- +43°С ыстық, бұршақты нөсер: 13 тамызға арналған ауа райы болжамы
- Мектеп рюкзагын таңдағанда ата-аналар неге мән беруі керек? ДСМ жауап берді
- Теңге нығайса да, халықтың қалтасы неге жеңілдемеді? – Экономист түсіндірді
- Баласын сатқан әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды