Астық экспорты: Бәрі жақсы болғанда Ресей порттары арқылы сауда жасағанбыз

2 Тамыз 2022, 13:18
1469
Бөлісу:
Астық экспорты: Бәрі жақсы болғанда Ресей порттары арқылы сауда жасағанбыз
Фото: inform.kz

Қазақстанның астық одағы ұйымдастырған дөңгелек үстелде одақ төрағасы Нұрлан Оспанов еліміздің астықты әлемдік нарыққа экспорттауына не кедергі екенін және Ресей порттарының бүгінде өтімсіз екенін айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бәрі жақсы болғанда Ресей порттары арқылы сауда жасағанбыз. Ресей – әлемдегі нөмір бірінші, ірі экспорттаушы. Сондықтан порт инфрақұрылымының барлығын Ресейдің астығы алып жатыр. Біз Ресейдің астығы порттарға тиеліп жатқан кезде өте алмаймыз. Ол маусым бойы тиеледі. Сондықтан біз Ресей порттары арқылы қалдық принципі бойынша өтетінбіз. Енді бұл жол да тарылып қалды. Бірақ әлемдік баға өсіп жатыр. Алайда Ресей порттары соңғы жағдайларға байланысты бүгінде өтімсіз, - деді Оспанов. 

Қазақстанның астық одағы төрағасы Каспий маршруты арқылы астық экспорттаудың неге тиімсіз екенін де айтып берді. 

Бізде қалғаны – Каспий маршруты. Бірақ ол дамымаған және бірнеше асуы бар. Біз жүкті Ақтаудан Бакуге өткізуіміз керек. Кейіннен Бакуден Батуми-Потиға, ал ол жерден кемеге тиеуіміз керек. Біріншіден, ол әрбір асу қосымша шығын деген сөз. Екіншіден, ол аймақтардағы порт қуаты ірі көлемдегі жүкті тасымалдауға қауқарсыз, - деді ол. 

Сондай-ақ маман әлемдік нарық негізінен үлкен көлемде сауда жасайтынын айтты. 

Егер кеме болса, 25-50 мың тонна астық тасымалдайды, ал біз қайықпен 3-5 мың тонна ғана сатамыз. Біз әзірге келісімшарт жасасып, 25 мың тонна міндеттемені мойынымызға ала алмаймыз. Өйткені ол үшін өз инфрақұрылымымыз болуы керек. Ал міндеттемені мойнымызға алып, орындамайтын болсақ, ауыр айыппұл санкциялары салынады, - деді Оспанов.      

Қазақстан – жергілікті нарықтың мүшесі. Яғни біздің нарық – Орта Азия және шекаралас елдер. Сондықтан Нұрлан Оспановтың айтуынша, елімізге осы нарықты ұстап қалу маңызды.  

Өзгелердің жаңалығы