Марат Күлдіков Астана қаласы ТЖ департаментін басқаратын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖ министрі жеке құрамға Астана қаласы ТЖ департаменті бастығын таныстырды.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметіне Марат Мұхаметқалиұлы Күлдіков тағайындалды. Министр елордалық гарнизонның жаңа бастығын құттықтап, халық арасында қауіпсіздік мәдениетін насихаттау бағытын ерекше атап өтіп, қызметті жетілдіру бойынша міндеттер қойды, - делінген ТЖМ хабарламасында.
Марат Күлдіков 1967 жылы Семей облысында туған. 1994 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін «өрттен қорғану техникасы және оны ұйымдастыру» мамандығы бойынша, 2000 жылы ҚР ТЖК Көкшетау техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Семей қаласын күзету жөніндегі ІІБ №79 әскерилендірілген өрт сөндіру бөліміне бағынысты өрт сөндіруші болып бастады.
1993-2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында орта және аға басшы құрамының түрлі лауазымдарын атқарды.
2008-2012 жж. — Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары – Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы.
2012-2014 жж. — Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.
2014-2016 жж. — Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.
2016-2019 жж. — ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары.
2019-2020 жж. - Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2020 жылы ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды.