Астана қаласы «Алматы» ауданының әкімі Мақсат Саматұлы 11 айдың қорытындысын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аудан бойынша мектептердің жетіспеушілігі мәселесі жолға қойылып, біршама жұмыс атқарылды. Аудандағы 600 орындық №44 орта мектептің құрылысы аяқталып, 600 орындық №53 орта мектеп құрылысы жылдың соңына дейін бітеді деп күтіліп отыр. 1200 орындық №86 және №13 орта мектептерді салу жылдың аяғында басталып, 2024 жылы бітеді деп жоспарланып отыр. Тағы да 4 жайлы мектептің құрылысы жоспарда бар, қазіргі уақытта оның 3-еуінің құрылыс жұмыстары басталып кетті, - дейді әкім.
Сөзінше, қолданыстағы мектептердің жағдайын жақсарту үшін де белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл №51 орта мектеп және №57 орта мектептер күрделі жөндеуден өтті.
Жыл басынан бері 59 заңсыз сауда павильоны анықталып, барлық павильон бойынша бұзу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ 1308-ден астам жарнама, 310 маңдайша және 998 жарнама элементтерінен заңсыз орналастырылған жарнамаларды (белгілерді) жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудандағы абаттандыру мәселесі де жолға қойылған. Жыл басынан бері 8 500 ағаш, 506 мың біржылдық гүл, 33 мың сәндік бұта отырғызылды.
Жарықтандыру бойынша ауданда өткізілген жұмыстар барысында ЖКУ шамдарының 95 пайызы жарықдиодты шамдарға ауыстырылды. Үйлердің кіреберістеріне 1 100-нан астам шам, саябақтар мен скверлерде 340 жарықтандыру тіректері орнатылды. Дегенмен тұрғын алаптарының 201 көшесінен 17 ішкі орамдық көшелерге қосымша жарықтандыру қажет. Бұл жұмыстардың орындалуы 2024 жылға жоспарланып отыр, - дейді аудан әкімі.
Ауданда жаңа жыл қарсаңында 15 тематикалық алаңдарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп отыр. Оның 11 сырғанау төбешігі, 4 сырғанау алаңы.
Сонымен қатар 5 аумақта Жаңа жылдық шырша орнатылады.