Бұл туралы Астана қаласының урбанистика орталығының бөлім басшысы Аслан Қандығұлов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз елордалық сәулетшілер, бұл саябақтар тұрғындар қаланың қарбаласынан демалуға болатын жайлы орынға айналады деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл ретте эскиздік жобаларды әзірлеу кезінде тұрғындардың барлық ұсыныс тілектері мен айтқан сындары ескеріледі. Сонымен қатар, мамандарымыз жұмыс барысында ең тиімді әлемдік тәжірибені қолданады. Мысалы, қалада веложолдар саны артып келеді, бұл болашақта көшелердегі көлік құралдарының санын азайтуға және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді,-дейді Аслан Қандығұлов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, биыл Астананың 5 ауданында 31 қоғамдық кеңістік және 123 аула аумағын абаттандыру жүріп жатыр. Сондай-ақ абаттандыру кезінде көгалдандыруға басымдық беріледі. Әр ауданда бір миллионға жуық көшет отырғызылады.
Көктемде Мәңгілік ел, Ұлы Дала даңғылдары, Бейсеков, Шарль де Голль, Сәтбаев көшелері көгалдандырылды. Біз жергілікті климатқа бейімделген ағаш түрлерін егеміз. Көшеттер елордалық жылыжайларда өсіріліп, көктемде және күзде отырғызылады, - деді Қанығұлов.